НҰР-СҰЛТАН, 9 қыркүйек — Sputnik. 12 жасқа дейінгі балалар Түркия шекарасынан өту кезінде коронавирус жұқтырмағанын растайтын ПТР-тест ұсыну қажеттілігінен босатылады – жаңа талап ІАТА Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының сайтында жарияланды.
Бұған дейін тек 6 жасқа дейінгі балалар ПТР-тестсіз ел аумағына кіре алатын.
"4 қыркүйектен бастап бұл талаптар жаңартылып, 12 жасқа дейінгі балалар да коронавирус жұқтырмағанын растайтын ПТР-тест тапсыру міндетінен босатылды", - деп жазылған Түркия азаматтық авиация басқармасының хабарламасында.
Бұл ереже 30 қыркүйекке дейін қолданыста болады.
Вакцина салғызған жолаушылар мен түрік жеріне келгенге дейін алты айдан кешіктірмей берілген коронавирустан жазылып шыққаны туралы анықтамасы бар жолаушылар үшін де ПТР-тест бұрынғыдай міндетті емес болып қала береді.
Вакцина салғызған жолаушылардан басқалары Түркияға келген уақытта іріктеу арқылы тест тапсыруға міндеттелуі мүмкін.
Біраз уақыт бұрын хабарлағандай, Қазақстан 17 қыркүйектен бастап Түркияға қатынайтын әуе рейстерінің санын арттырады. Одан кейінгі рейс санын өсіру эпидемиологиялық жағдайға, ведомствоаралық комиссия мен Түркияның мемлекеттік органдарының шешімдеріне байланысты болады.
Рейстерді орындау кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады және ұшулар әуе компанияларының сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.