НҰР-СҰЛТАН, 7 қыркүйек — Sputnik. Ресейде жаңа автокөліктер тапшылығы байқалады. Сондықтан делдалдар бағаны қымбаттатуды бастады, деп мәлімдеді "Радио Автодор" бас редакторы Антон Чуйкин Sputnik радиосына берген сұхбатында.
Ол автосалонда артық ақша төлемеудің әдісімен бөлісті.
Жаңа машиналар тапшылығы – 2020 жылы туындаған және күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан әлемдік проблема. Заманауи автокөлікте электроника көп. Ал пандемия салдарынан электронды бөліктің жабдықтарын жеткізу жүйесі бұзылды.
Оның айтуынша, осыған байланысты кейбір автокөлік делдалдары бағаны қымбаттатып жіберді.
"Қазір нарықта автокөлік тапшылығы болып жатқан кезде сатып алушының емес, сатушының дәурені жүріп тұр. Баға тұрақты өсіп жатыр. Сізге басқа автокөлік жоқ деген сылтаумен қосымша мүмкіндіктері үшін ақы төлеуді талап етеді. Бұл әсіресе аса тапшы модельдерге қатысты. Олардың өз бағасына 10 және 20% емес, 50% үстеме ақы қосылуы әбден мүмкін", - дейді Чуйкин.
Сарапшы артық ақша төлемес үшін өзіңізге лайықты автокөліктің "портретін" миыңызда құрастырып, не ұнайтынын, қай мүмкіндігі аса қажет емес екенін анықтап алуға кеңес берді.
"Ең дұрысы – делдалмен келіссөз үстеліне жайғасып, өз автокөлігіңіздің "портретін" сипаттап беру. Қай құрылғы үшін ақы төлейтініңізді, қандай мүмкіндігі сізге қажет емес екенін нақты айту керек. Біреулер музыканы таңдаса, біреулер үшін шыны шатыр маңызды", - дейді Антон Чуйкин.
Автосарапшының болжамы бойынша автомобиль нарығы 2022 жылдың басында сұраныс пен ұсыныстың теңгерімі үйлесімді болатын қалыпты жағдайға қайта оралады.
Оқи отырыңыз: Ресейде ұрланған көліктер Қазақстанда сатылады – полиция ескерту жасады