Қоғам

Магистратура мен докторантураға түсу емтиханы желтоқсанда да өтеді

© Sputnik / Владислав ВодневМинистр образования Асхат Аймагамбетов
Министр образования Асхат Аймагамбетов - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.09.2021
Жазылу
Биылдан бастап магистратура мен докторантураға қабылдау жылына екі рет өткізіледі

АЛМАТЫ, 6 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда магистратура мен докторантураға қабылдау жылына екі рет өткізіледі. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, енді магистратура мен докторантураға түсу емтихандары дәстүрлі түрде тамыз және қосымша желтоқсанда ұйымдастырылады.

"Осы норма 2021 жылы күшіне енеді деп жоспарлап отырмыз. Осы мақсатта Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері кешенді тестілеу мен оқуға түсу емтихандарын қосымша ұйымдастырады. Құжаттарды қабылдау қарашада басталады. Құжаттары мен емтихандарын тапсыруға, қажетті сертификаттарды алуға үлгермеген азаматтар үшін бұл жағымды жаңалық екені сөзсіз", - деп жазды Аймағамбетов Facebook парақшасында.

Министр жазғы қабылдау науқаны мен өткізілген емтихандардың қорытындысы бойынша магистратура мен докторантураға арналған білім гранттарының артық қалғанын жеткізді.

Дайындық бағыттары бөлінісінде гранттардың саны мен құжаттарды қабылдаудың нақты мерзімдері туралы ақпарат қосымша жарияланады.

Айта кетері, бұл шешім жоғары оқу орындарының қауымдастығы мен ректорлар кеңесі Тамыз кеңесінің отырысында қабылданды.

Қазақстанда докторантураға кемінде тоғыз ай жұмыс өтілі және магистр дәрежесі бар үміткерлер түсе алады.

Докторантураға түсу үшін өтініштер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы қабылданады. Содан кейін өтініштер ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Биыл оқуға түсу үшін үміткерлер емтиханды өңірлік тестілеу орталықтарында компьютер арқылы тапсырады.

Жаңалықтар
0