АЛМАТЫ, 1 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанның 5 өңірінде жүргізілген арнайы операция барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 28 қатысушысы ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Арнайы операцияны ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласы, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында жүргізді.
Қауіпті ұйымдасқан топ қызметінің жолын кесу жөніндегі арнайы операцияның барысын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы үйлестірді.
Сотқа дейінгі тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың көшбасшылары Б. және Ж. есімді азаматтар тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарғаны анықталды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, олар елдің оңтүстігінде 15 ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған. Оған үш қарақшылық шабуыл, қару қолдану арқылы кәсіпкерлерді 5 рет бопсалау, сондай-ақ бұзақылық және қаруды заңсыз сақтау кіреді.
"Бұл қылмыстық топта иерархия, көшбасшыларға сөзсіз бағыну және астыртын жұмыс шаралары қатаң сақталған. Сонымен қатар олар қылмысты қатыгездікпен жасаған. Қазір айыпталушыларға қатысты қылмыстық істер сотқа жіберілді", - деп хабарлады құқық қорғау органдары.