НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ жастары орыс тілін жетік меңгерсе, еш ұтылмайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президент қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала беретінін атап өтті.
"Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл - қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамамызға сәйкес, оның қолданылуына кедергі жасауға болмайды", - деді Тоқаев жыл сайынғы жолдауында.
Президент болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс екенін айтты. Себебі бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады.
"Жастарымыз өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін жетік меңгерсе, бұдан еш ұтылмайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара әлемдегі ең ұзын шекара. Орыс тілі БҰҰ-дағы ресми алты тілдің бірі. Сондықтан бұл мәселеге парасаттылықпен қарауымыз қажет", - деді ол.
Тоқаев қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтау керек екенін айтты. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азамат түсінуі қажет.
"Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз. Заң бойынша жауапқа тартамыз. Конституцияға қайшы мұндай жауапсыз қадамдар еліміздің негізгі мүдделеріне зиян келтіреді", деді президент.
Тамыз айында "Til Maydani" YouTube-арнасының негізін қалаушы Қуат Ахметов бейнежазбалар топтамасын жариялады. Видеода дүкен және қоғамдық тамақтану орын қызметкерлері өзіне және өзгелерге мемлекеттік тілде қызмет көрсете алмағанынан туындаған жанжал түсірілген. Автор сол адамдарға қатысты "фашистер", "келімсектер" және басқа да сөздер қолданған. Бейнежазбалар қоғамдық резонанс тудырды.
Ресейдің ішкі істер министрлігі бейнероликтерінде ұлтаралық алауыздық тудырғаны үшін Қазақстан азаматы Қуат Ахметовке Ресей Федерациясының аумағына кіруге 50 жылға тыйым салды.