07:10 27 Қыркүйек 2021
Тікелей эфир
  • USD423.91
  • EUR497.37
  • RUB5.82
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
3831 0 0

Бірінші кыркүйектен бастап оқушылар мектепке оралады, вакцина салдырмағандарды тексеру басталады, сондай-ақ халық санағы жүргізіледі

НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Биыл күзде қандай жаңашылдықтар күшіне енетінін Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Оқушылар мектепке оралады

Биыл оқушылар мен студенттер дәстүрлі форматта оқиды. 1 қыркүйек күні мектептерде бүлдіршіндер үшін салтанатты шара өтеді. Бірінші сынып оқушыларына "Әліппе" табысталады. Ал 2-11 сыныптың оқушыларына кабинеттерде сынып сағаты өткізіледі.

Ересектер мектепке, колледждер мен университеттерге Ashyq арқылы кіргізіледі. Бұл талап ата-аналарға, мұғалімдер мен оқу мекемелерінің қызметкерлеріне, студенттерге қолданылады.

Ұстаздар мен білім беру ұйымдарының барлығы коронавирусқа қарсы екпе салдырған болуы керек. Медициналық тұрғыдан екпе салғызуға қарсы көрсетілімі бар және соңғы үш айда коронавируспен ауырған адамдар ғана вакциналаудан босатылады. 18 жастан асқан студенттер де вакцина алуға міндеттелді. Бұған қоса, вакциналанбаған студенттерге жатақханаға орналасуға тыйым салынды. Бұл шектеу 18 жасқа толмаған, медициналық қарсы көрсетілімдері бар және коронавируспен ауырып шыққандарға қатысты емес.

Тағы оқыңыз: Мектеп-2021: жаңа ереже туралы не білу керек

Дәстүрлі форматқа көшкен мектептерде мына талаптар сақталуға тиіс:

  • оқушылар мен мұғалімдердің бетперде тағып жүруі;
  • оқушылар мен мектеп қызметкерлерінің дене қызуын тексеру;
  • дәліз бен тамақтану бөлмесінде балалардың шоғырлануын болдырмау үшін қоңырау мен асханаға бару уақытын түрлі уақытта ұйымдастыру;
  • бір сыныпты бір кабинетте оқыту;
  • бұқаралық, мәдени және спорт шараларын өткізуді шектеу.

Сондай-ақ, 2021-2022 оқу жылында оқушыларға мектепке классикалық стильдегі киіммен келуге рұқсат етілді. Мектеп формасы міндетті емес.

Вакцина алмағандарды тексеру басталады

Елдің бас санитар дәрігері 1 қыркүйекке дейін вакцинаның екі компонентін алуды талап етті. Әйтпесе айыппұл салынады.

Вакцина салдырмаған қызметкерлерді анықтау бойынша тексеріс бірінші қыркүйектен басталатыны хабарланған еді. Егер қызметкер вакцина салдырудан бас тартса, аптасына кемінде бір рет ПТР-тестілеуден өтуге тиіс. Медициналық қарсы көрсетілімі бар және соңғы үш айда коронавируспен ауырғандар вакциналаудан босатылады.

Сондай-ақ Ashyq жобасына қатысатын бизнес нысандардың қызметкерлеріне де вакцина алу туралы талап қойылды. Вакциналауға жататын нысандардың толық тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Егер қызметкер вакцина салдырмаса, онда жұмыс берушіге айыппұл салынады. Екпе алмаған қызметкерге айыппұл салынбайды.

Айыппұл мөлшері

  • жеке тұлғаға немесе жеке кәсіпкерге – 5 АЕК немесе 14 585 теңге;
  • лауазымды тұлғаға 15 АЕК немесе 43 775 теңге;
  • шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдар субъектілері - 100 АЕК немесе 291 700 теңге;
  • орта бизнес – 200 АЕК немесе 583 400 теңге;
  • ірі бизнес – 500 АЕК немесе 1 458 500 теңге.

Алматыда карантин жеңілдейді

Тамыз айының соңында Қазақстанның бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов карантиндік режимді жеңілдету туралы қаулыға қол қойды.

28 тамыздан бастап Алматы қаласын қоспағанда, демалыс күндері "Ashyq" жобасына қатысатын барлық бизнес объектісінің жұмысына сағат 00.00-ге дейін, ал "Ashyq" жобасының көшбасшыларына қызметкерлер мен келушілерде "жасыл мәртебе" болған жағдайда сағат 02.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Тағы оқыңыз: "Жасыл" статусы жоқ қазақстандықтар демалыс күндері қайда кіре алады

Ал 30 тамыздан бастап жұмыс күндері "Ashyq" жобасына қатысатын бизнес нысандары 00.00-ге дейін, ал "Ashyq" жобасының көшбасшылары түнгі сағат 02.00-ге дейін жұмыс істей алады.

Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанса, Алматы қаласында да 4 және 6 қыркүйектен карантин жеңілдетіледі.

Бұдан бөлек, сенбі күндері қоғамдық көліктің жұмысына да рұқсат берілді.

Халық санағы

Биыл күзде Қазақстанда үшінші халық санағы өтеді. Бастапқыда ұлттық санақ 2020 жылға жоспарланған еді, кейін пандемияға байланысты бір жылға шегерілді.

Халық санағы екі кезеңнен тұрады: 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн санақ өтеді. Ал 1 қазаннан бастап мамандар үйлерді аралап, жаппай сауалнама жүргізеді.

Онлайн санақ sanaq.gov.kz сайты арқылы жүргізіледі. Әрбір адам сайтқа жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН), ұялы телефон нөмірін, құпия сөзді енгізу арқылы тіркеледі. Ұялы телефон нөмірін енгізгеннен кейін сол нөмірге растау коды, сондай-ақ, санақтан өткеннен кейін оның санақтан өткендігі туралы SMS келеді. Үйге санақ жүргізетін интервьюерлер келген жағдайда, респонденттер осы хабарламаны көрсетіп, санақтан өткенін растауы қажет. Сондықтан интернет арқылы тіркелген респонденттерді интервьюерлер екінші рет сауалнамадан өткізбейді.

Онлайн және планшет арқылы сауалнама жүргізу үшін электронды санақ парақтары әзірленді. Онда әр азамат баспана жағдайын сипаттайды, бұдан бөлек, этномәдени сипаттамалар, білім және сауаттылық, көші-қон, неке жағдайы, туу, жұмыспен қамтылуы, күнкөріс көзі және тыныс-тіршілігінің шектелуі туралы жаңа сұрақтар енгізілген.

Мектеп директорлары жаңаша тағайындалады

Қыркүйектен бастап мектеп директорларын тағайындаудың жаңа жүйесі енгізіледі.

Директор лауазымына конкурсты аудандық білім бөлімі емес, облыстық білім басқармасы өткізеді. Содан кейін директордың кандидатурасы бойынша құжаттар еңбек шартын жасасу үшін білім бөліміне жіберіледі. Директор 5 жылға тағайындалады.

Болашақ директорлар міндетті түрде менеджмент курстарынан өтіп, тиісті сертификат алуға тиіс.

Тағы оқыңыз: Оқушының ата-анасы вакцина алмаса, бала мектепке бара ала ма – министр жауап берді

Директор лауазымына басшы ретінде жұмыс өтілі бар кәсіби мұғалімдер тағайындалуы мүмкін, ал жалпы педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл болуы қажет. Үміткер тағайындалғанға дейін соңғы екі жыл білім беру саласында жұмыс істеуге тиіс.

Сонымен қатар биылдан бастап директорларды ротациялау институты енгізіледі.

Әскерге шақыру

1 қыркүйектен бастап азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталады. Күзгі әскерге шақыру науқаны жыл соңына дейін жалғасады. Қарулы күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіз жоқ, жасы он сегізден жиырма жеті жасқа дейінгі 17 мыңға жуық жас жігіт толықтырады.

Пандемияға байланысты әскерге шақырылатындар екі рет ПТР-тест тапсырады: әскерге шақыру кезінде жиын пунктерінде және әскери бөлімге келген кезде.

Цифрлық даму министрлігінің 1414 қызметі арқылы әскерге шақырылатындарға SMS жолданады. Бұл жеке қарым-қатынасты болдырмауға мүмкіндік береді, яғни инфекция жұқтыру қаупін азайтады.

Депутаттар каникулдан оралды

Парламент депутаттары 1 қыркүйек күні каникулдан оралады. Мәжілісмендер мен сенаторлар екі ай демалған еді.

Алдағы сессияда депутаттар үкіметпен бірлесіп ұлттық экономика мен кәсіпкерлікті, азаматтарды әлеуметтік қолдау, сондай-ақ тәуелсіздік пен демократияны одан әрі нығайту жолында белсенді жұмыс істейді.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Қазақстан халқына жолдау жасайды

Қазіргі таңда палатаның қарауында 35 заң жобасы жатыр. Олардың арасында "Өнеркәсіптік саясат туралы", "Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы", "Әскери полиция органдары туралы" құжаттар бар.

Сонымен қатар, бүгін, бірінші қыркүйекте парламент палаталарының бірлескен отырысы өтеді. Жиын барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдау жасайды. Жолдауда елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары туралы айтылады.

Нұр-Сұлтан – Лондон әуе рейсі қайта ашылады

18 қыркүйектен бастап Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан Хитроу халықаралық әуежайына ұшақтар тікелей қатынайды. Ұшақтар аптасына екі рет – сәрсенбі және сенбі күндері ұшады.

Жолаушыларды A321LR алыс магистральды әуе лайнері тасымалдайды. Лондонға ұшу ұзақтығы 7 сағат 15 минут, кері рейс 6 сағат 30 минутқа созылады.

Билет құны барлық алымды есептегенде екі жаққа 284 535 теңгеден басталады.

Ұлыбританияға баратын жолаушыларда вакцина құжаты мен азаматтығына қарамастан коронавирустың жоқ екенін айғақтайтын ПТР-тест нәтижесі болуы керек. ПТР-тест сапардан үш күн бұрын жасалып, Ұлыбританияның талаптарына сәйкес келуге тиіс. Алайда 11 жасқа толмаған балаларға ПТР-тестілеуден өтудің қажеті жоқ.

Кілт сөздер:
қыркүйек, өзгерістер, вакцина, оқушы, жолдау
Загрузка...

Басты тақырып