Қоғам

Тараз түбіндегі үйдің маңында снарядтар үйіліп жатыр: министрлік түсініктеме берді

© Photo : Скриншот из видео "7 канала"Металлолом из фрагментов снарядов из Арыси
Металлолом из фрагментов снарядов из Арыси - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.08.2021
Жазылу
Қазақстанның қорғаныс министрлігі Арыс қаласынан әкелінген снарядтар Байзақ ауданындағы кәсіпкердің үйінде неге жатқанын түсіндірді

АЛМАТЫ, 30 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысы Байзақ ауданында кәсіпкерлердің біріне тиесілі аумақтағы жүздеген снаряд 2019 жылы қоймада болған жарылыстан кейін Арыс қаласынан жеткізілген. Алайда олардың бәрі қауіпсіз металл сынығы саналады.

Әлеуметтік желіде Байзақ ауданындағы жекеменшік аумақтардың бірінде үйіліп жатқан снарядтар түсірілген видео тарады. Қазақстанның қорғаныс министрлігі соған қатысты түсініктеме берді.

"Қорғаныс министрлігі пайдалануға жарамсыз оқ-дәрілерді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ведомстволық ұйымы "Қазтехнология"АҚ-ға береді. Содан кейін "Қазтехнология " АҚ оқ-дәрілердің құрамындағы жарылыс қаупі бар заттарды алу және жою процесін жүргізеді. Осыдан кейін ғана оқ-дәрі сынықтары электронды сауда алаңы gosreestr.kz арқылы сатуға қойылады. Видеодағы снарядтардың сырты мен оқсауыты – оқ-дәрілерді кәдеге жаратқаннан кейін алынған және электронды алаңда сауда-саттық арқылы жеке кәсіпорынға сатылған металл сынықтары. Олар ешқандай қауіп төндірмейді", - деп хабарлады қорғаныс министрлігі.

Сондай-ақ қорғаныс министрлігі бұл снарядтарды "Бақтияр-Group" ЖШС 2021 жылдың наурызында Түркістан облысы Арыс қаласында "Қазақтехнология" АҚ-ның металл қоймасымен жасалған келісімшарт негізінде сатып алғанын хабарлады.

"Бақтияр-Group" ЖШС-нің түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, өңдеу және өткізу бойынша қызметті жүзеге асыруды бастау туралы лицензиясы бар.

26 тамызда өрт шыққан Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқ-дәрілер қоймасында мұндай оқ-дәрі сақталмаған.

Жаңалықтар
0