Қоғам

Мектеп директорлары жаңаша тағайындалады: Аймағамбетов түсіндіріп берді

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.08.2021
Жазылу
Болашақ директорлар міндетті түрде менеджмент курстарынан өтіп, сертификат алуға тиіс

НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп директорларын тағайындаудың жаңа тәртібі туралы айтты.

Директор үш ай ішінде тағайындалады

Айтуынша, енді мектеп директорының міндетін атқарушы болып үш айдан аспайтын және бір реттен артық емес мерзімде ғана істеуге болады. Осы кезеңде конкурс өткізіліп, жаңа басшы тағайындалуы керек.

Мектеп директорының бос немесе уақытша бос лауазымына конкурс туралы хабарландыру бос орын пайда болғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде білім басқармасының ресми сайтында және аккаунтында орналастырылады.

"Осылайша, бос немесе уақытша бос директор лауазымына конкурс жарияламай-ақ, жылдар бойы директордың міндетін атқарушы болып жұмыс істеп жүре беруге енді жол берілмейді", - деп жазды Аймағамбетов Facebook-те.

Директордың уақытша бос лауазымына (бала күтіміне байланысты демалыс, оқу және т.б.) тағайындау да регламенттеледі. Мұндай жағдайларда ұйым басшысы тікелей тағайындау емес, конкурс арқылы анықталады.

Сонымен қатар, енді директор лауазымына конкурсты аудандық білім бөлімі емес, облыстық білім басқармасы өткізеді. Содан кейін директордың кандидатурасы бойынша құжаттар еңбек шартын жасасу үшін білім бөліміне жіберіледі. Директор 5 жылға тағайындалады.

Байқаудың өзі бірнеше кезеңнен тұрады:

  • кандидаттардың директор лауазымына құжаттар тапсыруы;
  • білім басқармасындағы кадр қызметінің кандидаттың біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалауы, конкурсқа қатысуға рұқсат беруі;
  • үміткерлерге арналған электронды тестілеу (басқарушылық құзыреттер, педагогика, психология, ҚР заңнамасы бойынша тестілеу);
  • оқу орнының қамқоршылық кеңесінің алдында мектептің даму жоспарын қорғау (тестілеуді сәтті тапсырған жағдайда);
  • білім басқармасындағы әңгімелесу (қамқоршылық кеңесінің алдында мектептің даму жоспарын сәтті қорғап шыққан үміткерлер жіберіледі).

Барлық кезеңнен өткен үміткермен білім бөлімі тиісті еңбек шартын жасап, оны директор етіп тағайындау туралы бұйрық шығарады.

Қамқоршылық кеңесі

Аймағамбетовтің айтуынша, кандидаттарды қамқоршылық кеңесімен келісуге қатысты көптеген пікірталас туған. Министрлік осы жағдайды да ескерген.

Енді қамқоршылық кеңесі директор лауазымына кемінде екі кандидат бойынша келісім береді. Егер кандидаттардың саны бұдан аз болса, онда конкурс өткізілмеген болып есептеледі және қайта жарияланады.

Тағы оқыңыз: Аймағамбетов мектеп директорларына жалақы төлеу жүйесі өзгеретінін мәлімдеді

Егер қамқоршылық кеңесі екі мәрте екі кандидаттан аз адам таңдаған жағдайда және сәйкесінше конкурс екі рет өткізілмеген болса, онда конкурсқа қатысып жатқан барлық кандидат келесі кезеңге өтеді.

"Қазір біз қамқоршылық кеңестің жұмысы мен құру ережесін де қайта қарастырып жатырмыз", - деді ведомство басшысы.  

Айта кетері, қамқоршылық кеңеске ата-аналар, педагогика саласының еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді.

Директорларға қойылатын талаптар

Министр жаңа ережелерге сай, болашақ директорларға бірқатар талап қойылатынын атап өтті.

Біріншіден, болашақ директорлар міндетті түрде менеджмент курстарынан өтіп, тиісті сертификат алуға тиіс.

Екіншіден, директор лауазымына басшы ретінде жұмыс өтілі бар кәсіби мұғалімдер тағайындалуы мүмкін, ал жалпы педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл болуы қажет.

Үшіншіден, үміткер тағайындалғанға дейін соңғы екі жыл білім беру саласында жұмыс істеуге тиіс.

Тағы оқыңыз: Мұғалімдерге оқулықты таңдау құқығы беріледі – білім министрлігі

Төртіншіден, тағы бір жаңашылдық — кадр резервін құру. Алғашқы екі кезеңнен (тестілеу және қамқоршылық кеңеспен келісу) сәтті өткен, бірақ білім басқармасында әңгімелесуден өтпеген кандидаттар енді бір жылға резервке алынуы мүмкін. Бұл кандидаттарға мектептің қамқоршылық кеңесімен келісе отырып, бір жыл ішінде директор лауазымына тағайындалу құқығын береді.

Бесіншіден, биылдан бастап директорларды ротациялау институты енгізіледі.

Айта кетері, қазір республикада мектеп басшысы лауазымына 700-ден астам бос жұмыс орны бар. Ол жерлерде директордың міндетін атқарушы адамдар жұмыс істеп жүр.

Жаңалықтар
0