НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. Премьер-министрдің тапсырмасымен эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты ведомствоаралық комиссия карантинді жеңілдету бойынша бірқатар шешім қабылдады, деп хабарлайды COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия.
Осы жылдың 28 тамызынан бастап:
- "Ashyq" жобасына қатысатын барлық бизнес нысанына демалыс күндері сағат 24:00-ге дейін, "Ashyq" көшбасшыларына сағат 02:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Оларға қойылатын шарт – қызметкерлер мен келушілердің "Ashyq" қосымшасы арқылы расталған "жасыл" мәртебесі (вакциналанғандар, 7 күннен кем емес теріс нәтижесі бар ПТР тесті болуы) болуға тиіс;
- сенбі күні қоғамдық көлік қайта жүреді.
Ал 30 тамыздан бастап жұмыс күндері:
- "Ashyq" жобасына қатысатын барлық бизнес объектісінің жұмыс уақыты 22:00-ден 24:00-ге дейін, жоба лидерлері үшін жұмыс уақыты 24:00-ден 02:00-ге дейін ұзартылды.
Бұл ретте эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, Алматы қаласында карантиндік шаралардың жеңілдетілуін 4 қыркүйектен бастап демалыс күндері, ал жұмыс күндері 6 қыркүйектен бастап енгізу жоспарланып отыр.