Қоғам

Құны – 20 мың теңге: Шығыс Қазақстанда екі дәрігер мен олардың сыбайластары ұсталды

© Sputnik / Тимур БатыршинАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.08.2021
Жазылу
Делдалдар өзіне 2-3 мың теңгені қалдырып, қалғанын дәрігерлерге берген. Тергеу органдары қанша адам жалған вакцина паспортын сатып алғанын анықтап жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында вакцина паспорттарын заңсыз дайындаумен және сатумен айналысқан бір топ адам ұсталды.

Олардың екеуі – Өскемендегі емханалардың бірінде істейтін дәрігер, қалған үшеуі – делдал, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жалған вакцина паспортын алу үшін адамдар делдалдарға 20 мың теңге мен жеке куәлігінің көшірмесін берген. Делдалдардың әрқайсысы өзіне 2-3 мың теңгені қалдырып, қалған ақшаны дәрігерлерге беріп отырған.

Қазір тергеу бұл схема қай уақыттан бері жұмыс істеп жатқанын және қанша адам жалған вакцина паспортын алғанын анықтап жатыр.

Медицина қызметкерлері тек 20 адамға ғана вакцина паспортын қолдан жасағанын мәлімдеді. Алайда тергеу органдары бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп санайды.

"Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеу аясында медицина қызметкерлері мен оларға көмектескен азаматтардың іс-әрекетіне тиісті процессуалды баға беріледі. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда, вакцина паспортын заңсыз жолмен алған барлық адам анықталып, олардан жауап алынып жатыр", – деді ШҚО полиция департаментінің бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.

Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша медициналық базаға енгізілген барлық жалған мәлімет жарамсыз деп танылатынын атап өтті.

Жаңалықтар
0