АЛМАТЫ, 18 тамыз – Sputnik. Ауғанстаннан Қазақстан азаматтары эвакуацияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 42 адам мінген ұшақ Алматыға қонды.
"18 тамыз сағат 17.00-де Қазақстанның әскери әуе күштері С-295 әскери-көлік ұшағы Ауғанстаннан эвакуацияланған 42 жолаушымен Алматыға қонды. 25 Қазақстан азаматы, оның ішінде 15 ересек адам және 10 бала, сондай-ақ Қазақстан елшілігінің қызметкерлері келді ", - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар әскери ұшақпен Қырғыз тарапының өтініші бойынша Қырғыз Республикасының 14 азаматы эвакуацияланды.
Гуманитарлық операция ретінде осы ұшақпен Қазақстан елшілігіне көмек сұрап жүгінген 1 Ресей азаматы мен 1 Литва азаматы Ауғанстаннан шығарылды.
Бұл ақпаратты сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров растады.
"Бірнеше күн бұрын Ауғанстан аумағында Қазақстан азаматтары жоқ деп мәлімдеме жасаған едік. Себебі ол кезде біз білетін адамдардың бәрі шығып кеткен. Алайда екі-үш күннің ішінде елшілікке бір топ азамат келіп, елге оралуға өтініш білдірді. Қазақстандық құжаттарын көрсетті. Бүгін ғана осы жарты сағаттай бұрын Алматы әуежайына қорғаныс министрлігінің арнайы ұшағы қонды. Онымен Қазақстанның 25 азаматы елге жеткізілді", - деді Смадияров арнайы брифингте.
Ауғанстанда не болып жатыр
16 тамызға қараған түні Талибан* ауған астанасы – Кабул қаласы бақылауға алынғанын және соғыстың тоқтағанын мәлімдеді. Олар Ауғанстанның бүкіл аумағын, тіпті президент сарайын басып алды.
Әлемдік қауымдастық қарапайым ауғандардың өмірі үшін жауапкершілікті Талибанға* жүктеді.
Талибан* радикалды қозғалысының содырларына жергілікті ауғандарға зиян келтірмеу, олардың өмірін, мүлкін және абыройын қорғау туралы бұйрық берілді, деді Катардағы Талибан* саяси кеңсесінің өкілі Сухейль Шахин. Сондай-ақ Талибан* Ауғанстандағы оқу орындарының жұмысына биліктің ауысуы кезінде кедергі жасамайтынын мәлімдеді.
Талибан* өкілі Мұхаммед Наим тәлібтер әйелдер мен азшылықтың құқығын тек шариғат аясында ғана құрметтейтінін айтты.
*Талибан – Ауғанстандағы билікті басып алған діни экстремистік ұйым. Оған Қазақстанда, Ресейде және басқа да бірқатар елде тыйым салынған.