АЛМАТЫ, 16 тамыз – Sputnik. Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Ауғанстаннан келген 70 мың босқынды қабылдайды деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы StopFake.kz сайтында хабарланды.
Әлеуметтік желі мен мессенджерде Қазақстанға Ауғанстан азаматтары келеді деген қауесет тарады. Ол жерде 500 адам Шымкент әуежайына келгені, тағы 1 500 адам бірнеше күнде ұшып келетіні айтылған.
Босқындардың Қазақстанға келетіні және олардың Шымкент қаласы мен Түркістан облысына орналасатыны туралы ақпаратты елдің сыртқы саяси ведомствосы жоққа шығарды.
"Тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды", - деп атап өтті Қазақстан СІМ.
Жексенбі, 15 тамызда министрлік Қазақстан аумағында Ауғанстан босқындарының келуіне қатысты пікір білдірді.
"Тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Ауғанстандағы жағдай сағат сайын өзгеріп отыр, сондықтан нақты шешім туралы айтуға ерте", - деді СІМ Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Бұған дейін Ауғанстанда дипломаттардан басқа Қазақстан азаматтары қалмағанын, елшінің ел астанасы Кабулда жұмысын жалғастырып жатқаны хабарланды. Ол жақта бірнеше адам бар. Қызметкерлердің бір бөлігі елден шығарылды.
16 тамызға қараған түні Талибан* Ауған астанасы – Кабул қаласы бақылауға алынғанын және соғыстың тоқтағанын мәлімдеді. Олар Ауғанстанның бүкіл аумағын, тіпті президент сарайын бақылауға алды.
Әлемдік қауымдастық қарапайым ауғандардың өмірі үшін жауапкершілікті Талибанға* жүктеді.
Талибан* радикалды қозғалысының содырларына жергілікті ауғандарға зиян келтірмеу, олардың өмірін, мүлкін және абыройын қорғау туралы бұйрық берілді, деді Катардағы Талибан* саяси кеңсесінің өкілі Сухейль Шахин. Сондай-ақ Талибан* Ауғанстандағы оқу орындарының жұмысына биліктің ауысуы кезінде кедергі жасамайтынын мәлімдеді.
Талибан* өкілі Мухаммад Наим тәлібтер әйелдер мен азшылықтың құқығын тек шариғат аясында ғана құрметтейтінін айтты.
Ауғанстанда бірнеше жылдан бері үкімет Талибан* қозғалысының содырларымен қарсыласып келеді. Кейінгі бірнеше айда олар айтарлықтай аумақты басып алып, ірі қалаларға шабуыл жасады.
*Талибан – Ауғанстандағы билікті басып алған діни экстремистік ұйым. Оған Қазақстанда, Ресейде және басқа да бірқатар елде тыйым салынған.