НҰР-СҰЛТАН, 16 тамыз – Sputnik. Әкімшілік полиция комитеті музыканы қатты қоятын көлік жүргізушілерін жазаға қалай тартуға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін министрліктің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте журналистер музыканы қатты қоятын көлік жүргізушілерін жазаға тарту тәртібі туралы сұрады.
"Көлік салонында қойылған музыка алыстан естілсе, ондай әрекет тәртіп бұзушылыққа жата ма? Мұндай жағдайда көлік жүргізушісі басқалардың сигналын естімейді. Айналадағы адамдарға да кедергі жасайды. Бұның бәрі апатқа әкеліп соқтыруы мүмкін. Полиция осындай әрекеттермен қалай күресіп жүр?", - деді тілшілер.
Комитет төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев ондай проблеманың бар екенін растады. Жол қозғалысы ережесіне сәйкес, біреудің құқығын қорғау керек деп өзгелерінікі бұзылмауы тиіс.
"Бұл дегеніміз, барлығы қауіпсіз жол қозғалысы үшін ыңғайлы жағдай жасауға міндетті. Бір-біріне құрмет көрсетіп, басқаларға кедергі болмауы тиіс. Музыканы қатты қою фактілерін видеоға түсіріп, әкімшілік полицияға хабарласуға, сол жерден бірден 102-ге де арыз түсіруге де болады", - деді Мұратәлиев.