НҰР-СҰЛТАН - МӘСКЕУ, 13 тамыз — Sputnik. "Til Maydani" YouTube-арнасында жарияланған бейнероликтер қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Қоғам белсенділерінің дүкендерде қазақ тілін қодануды тексеру бойынша акциясы бірнеше қалада, атап айтсақ, Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Павлодарда, Ақтауда және Оралда өтті. Кейбір роликте адамдар "Қазақстанды құрметтемегені үшін" камераға қарап кешірім сұраған. Осы жағдайға қатысты Қуат Ахметовтің өзі және мамандар не дейді?
Ұйым ресми тіркелген бе?
"Til Maydani" YouTube-арнасының негізін салушы Қуат Ахметов өз қозғалысын онлайн-партия деп атады. Бірақ Қазақстанның әділет министрлігі ұсынған ақпарат бойынша "Til Maydani" қоғамдық ұйым ретінде тіркелмеген.
"Базада мұндай заңды тұлға жоқ", - деді ведомстводағылар.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің БАҚ-пен байланыс департаментінің директоры Шыңғыс Төкеев бұл бастамашыл топ болуы мүмкін екенін айтты.
"Бұл қоғам белсенділерінің бастамасы. Біз облыс әкімдіктерімен бірлесіп осы азаматтарға мемлекеттік тілді дамыту бойынша қоғамдық жұмысты конструктивті сипатта жүзеге асыру қажеттілігі жөнінде түсіндіргенбіз", - деді өз кезегінде министрліктің ұлтаралық қарым-қатынасты дамыту комитетінің басшысы Ғалым Шойкин.
"Til Maydani" белсенділері қазақ тілінің қоғамдық қарым-қатынастың барлық саласында қолданылуын қарастыратын "Тул туралы" заңның 4-бабына сүйенген. Шойкиннің айтуынша, мұндай жанжалдар мемлекеттік тілге деген көзқарасты түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін.
"Қазақстан – демократиялық ел. Сондықтан қазақ тілін насихаттау кезінде "міндеттеу мен дөрекі арандатушылыққа" жол беруге болмайды", - деді ол.
Айта кетері, Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев белсенділердің әрекетін сынға алды.
"Заң алдында бәрі бірдей. Тіл мен ұлт мәселесінде арандатушылыққа баруға болмайды. Егер арандатушылық, құқықты шектеу тіркелсе, онда құзырлы органдар ол мәселенің ара-жігін ажыратып, баға беруі керек", - дейді Шыңғыс Төкеев.
Ресейдің сыртқы істер министрлігі де осы даулы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ведомство өкілдері "тіл патрулінің" төңірегіндегі әрекеттерге Қазақстан билігі мен құқық қорғау органдарының тиісті деңгейде назар аударатынына сенім білдіріп, ҚР президенті әкімшілігінің өкілі Дәурен Абаевтың көзқарасын қолдайтынын мәлімдеді.
"Мен - Қазақстан азаматымын"
Ал Қуат Ахметов өзін ұлтшыл деп санамайды. Бұл туралы ол Sputnik агенттігіне айтты.
"Мен өзімді Қазақстан азаматымын деп санаймын. Қазақстан Респуликасының заңдары сақталуы және мемлекеттік тілге құрмет көрсетілуі үшін заң аясында әрекет етіп отырмын. Шешен, ұйғыр немесе орыс болсын, барлығы заңды сақтап, қазақ тілінде қызмет көрсетуі керек", - деді Қуат Ахметов.
"Til Maydani" арнасында тек роликтер емес, азаматтардың құжаттары да жарияланған. Заңгер Шәкір Суханбердиннің айтуынша, бұл адамның жеке өміріне қолсұғушылық ретінде қаралады және мұндай әрекетке Конституцияда тыйым салынған.
"Бұл жеке деректерді жария ету боп саналады. Егер Ахметов заң аясында әрекет еттім десе, онда Қазақстан Конституциясы бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл екенін, бірақ 5-бап мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі тең дәрежеде қолданылатынын қарастырады. Ал 6-бапта елдегі әрбір азамат туған тілінде сөйлеуге құқылы екені жазылған", - дейді заңгер.
Суханбердин Ресейде де мұндай оқиға жиі болып тұратынын еске салды. 2017 жылы әлеуметтік желіде экстремистік пост жариялаған ұлтшыл Демушкин 2,5 жылға сотталса, 2019 жылы Instagram-дағы жеке аккаунты арқылы ұлттық алауыздық тудыратын видео бөліскені үшін Новочеркасск тұрғынына 15 мың рубль көлемінде айыппұл салынды. РФ Қылмыстық кодексінің 282-бабы бойынша адамдар арасында алауыздық немесе жаулық тудырғаны үшін айыппұл ғана емес, сондай-ақ 2-5 жылға дейін мәжбүрлеп жұмысқа тарту және 3 жылға дейін белгілі бір қызметті атқару құқығынан айыру, сондай-ақ 6 жылға дейін абақтыға жабу қарастырылған.
Тілді қорғау ма, әлде арандату ма?
Шәкір Суханбердин "Til Maydani" қозғалысын ұлтаралық алауыздық тудырды деп айыптауға толық негіз бар деп санайды.
"Бұл Қылмыстық кодекстің 174-бабы. Яғни, жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, алауыздық тудыруға бағытталған қасақана әрекеттер. YouTube арнасын екі санатқа да жатқызуға болады", - дейді Суханбердин.
Кәсіпкер Бауди Абуев Қуат Ахметовты сотқа берген. Кәсіпкер өкілінің берген мәліметі бойынша, өткен жылы болған рейдтердің бірінде қозғалыс мүшесінің бірі – Дусанов деген азамат ингуштер жұмыс істейтін бутиктің біріне келіп, оларды видеоға түсіре бастаған.
Оқи отырыңыз: Қуат Ахметовке Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салынды
"Шу шығарды, балағат сөздер айтты. Қазақ тілінде қызмет көрсетпегені үшін келтірілген зиянды өтеу мақсатында Дусанов пен Ахметов бізді сотқа берді. Одан кейін біз де қарсы арыз бердік. Қазір барлық ақпаратты екі тілде – қазақ және орыс тілінде ұсынып отырмыз. Олар осы әдіспен ақша табатын секілді", - дейді Абуов.
Қуат Ахметов Facebook-тегі парақшасында кейде ақша жинап тұрады. Sputnik агенттігіне Ахметов бұл қаражат оған адвокат жалдау үшін керек екенін айтты. 8 адам қоғам белсендісін сотқа берген.