АЛМАТЫ, 13 тамыз – Sputnik. Қазақстанның бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Құжатқа сәйкес, COVID-19-ға қарсы белсенділігі жойылған Sinopharm компаниясының Vero Cell вакцинасын қолданып, вакциналау жүргізуге рұқсат берілді.
Сондай-ақ бұл вакцинаның SARS-CoV-2, 19nCoV-CDC-Tan-HB02 штамынан жасалғаны, құрамында антибиотиктер мен консерванттар жоқ екені айтылған.
Вакцина 18 жастан асқан азаматтарға арналған. Вакцина екі бөліктен тұрады, әрқайсында 0,5 мл өнім болады. Екі бөлігін салдыру аралығы – 21-28 күн.
Вакцинаны кімге салдыруға болмайды:
- Вакцинаның кез келген компонентіне аллергия болса;
- вакцинаға аллергиялық реакциялар болса (жедел аллергиялық реакция, ангионевроздық ісіну, ентігу);
- бақыланбайтын эпилепсия немесе жүйке жүйесінің басқа да үдемелі аурулары, сондай-ақ анамнезінде Гийен-Барре синдромы болса;
- 18 жасқа толмаған адамдарға.
- Егер вакцинадан кейін жүйке жүйесі тарапынан жағымсыз реакциялар пайда болса, осы өнімді қайта пайдалануға тыйым салынады.
- Вакцинаны қандай жағдайда сақтықпен қолдану қажет:
- жедел ауруы, созылмалы аурулардың өршуі және қызбасы бар пациенттерге;
- қант диабетімен ауыратын пациенттерге және анамнезінде немесе отбасы анамнезінде құрысулар, эпилепсия, энцефалопатия, психикалық аурулары бар пациенттерге;
- вакцинаны бұлшықетке енгізу кезінде пайда болуы мүмкін қан кету қаупіне байланысты қанның ұюының бұзылуы және тромбоцитопения бар пациенттерге;
- қатерлі ісік, нефроздық синдром, ЖИТС-пен ауыратын науқастар сияқты иммундық функциясы бұзылған пациенттерге сақтықпен қолдану керек.
Құжат 12 тамыздан бастап күшіне енді. Қаулының толық мәтінін мына жерден оқи аласыз.