НҰР-СҰЛТАН, 10 тамыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ревакцинация, яғни, вакцинаны қайта салдыру науқаны қай кезде басталатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрдің айтуынша, бүгінде вакцинаны қайта егудің екі түрі бар. Біреуі – шұғыл, екіншісі – жоспарлы ревакцинация. Мәселен кей кезде ұжымдық иммунитетті 60-70 процентке жеткізу үшін шұғыл шараларды қолға алып жатады. Ал жоспарлы ревакцинация жылына бір рет ұйымдастырылады.
"Ревакцинация жоспарда бар. Қазіргі кезде әдіс-тәсілдерін анықтап жатырмыз. Қазақстан вакциналауды сәл кештеу, ақпан айында бастаған. Ал халықтың басым бөлігі маусым-шілде айларында екпе салдырды. Сол себепті бізде антиденелер әлі көп, көлемі жоғары. Шамамен барлығы екінші дозасын алып болған соң, 9 айдан кейін (ревакцинация – Sputnik) күнтізбеге кіреді", - деді Цой.
Дегенмен ақпан айында коронавирусқа қарсы вакцина салдырғандарға қазан айында қайта екпе алу қажет болады.
"Біз үшін ревакцинация қазан айына қарай маңызды болады. Мәселен ақпан айында алғашқы болып вакцина салдырған адамдарға қазан айына қарай екпені қайта салу қажет. Ол шамамен 1 қазан", - деп атап өтті министр.
Қазіргі кезде ревакцинацияның тәртібі пысықталып жатыр. Одан кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен консультация жүргізіледі. Соның нәтижесі бойынша вакцинаны қайта салу шаралары басталады.
"Дәл қазір вакцина салдырып жатқан адамдардың иммунитеті мықты", - деп түйіндеді Цой.
Айта кетейік, Қазақстанда жаппай вакциналау шаралары 1 ақпанда басталған болатын.