Қоғам

Қазақстанда тағы бір жоғары оқу орны жабылудың аз-ақ алдында тұр

© Sputnik / Павел Лисицын / Медиабанкке өтуАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.08.2021
Жазылу
Институттың материалдық-техникалық базасы әлсіз болған және оқу процесін ұйымдастыруда елеулі кемшіліктер жіберген

НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз – Sputnik. "Ақмешіт" гуманитарлық-техникалық институты бас лицензиясынан айырылды.

Мұндай шешім БҒМ білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті жүргізген тексеріс кезінде анықталған заңбұзушылықтардан кейін қабылданды.

Қызылорда қаласындағы "Ақмешіт" институтына барлық заңбұзушылықты жоюға уақыт берілген. Алайда жоғары оқу орны берілген уақытты білім беру қызметтерінің сапасын жақсарту үшін емес, комитеттің іс-әрекетіне шағымдануға және сот талқылауына жұмсаған.

"Біз жоғары оқу орындарында тексерісті білім беру сапасы мен кадр даярлауды жақсарту үшін жүргіземіз. Бұл ретте біз жоғары оқу орындарын лицензиядан бірден айырмаймыз және бірден жаппаймыз. Жоғары оқу орындарына заңбұзушылықтарды жоюға уақыт бердік, бірақ ешқандай әрекет болған жоқ.  Осыған байланысты біз қатаң шара қабылдауға мәжбүрміз", - деді білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.

Айтуынша, "Ақмешіт" институтында соңғы тексеріс осы жылдың маусым айында жүргізілді. Заңбұзушылықтар жойылмаған.

"Бұл жерде материалдық-техникалық базаның әлсіздігі және оқу процесін ұйымдастырудағы елеулі кемшіліктер туралы сөз болып отыр. Университетте кейбір пәндерден тиісті білімі мен дәрежесі жоқ оқытушылар сабақ берген.  Тіпті оқу процесі мерзімінен бұрын аяқталып, студенттер білім бағдарламаларын толық игере алмаған. Қазір институт оқу орнын лицензиядан айыру туралы қабылдаған шешімімізге наразылық білдіруге тырысып жатыр", – деді ол.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда 3,5 мыңға жуық студент оқыған университет жабылды

"Ақмешіт" институтының білім беру қызметіне аккредитациясы жоқ. Алайда институт дипломның жарамсыз болатынына қарамастан, оларды білім министрлігінде тіркелген сериялар мен нөмірлерсіз бере берген.

"Егер жоғары оқу орны лицензиядан айырылса және аккредиттеуден өтпесе, студенттер грантын сақтай отырып әрі игерілген кредиттер мен пәндерді қайта тапсырып, басқа жоғары оқу орнына ауысуға құқылы. Осы жылдың түлектері де басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады. Олардың оқу нәтижелері ескеріліп, диплом беріледі", - деді министрліктегілер.

Білім ведомствосы талапкерлер мен ата-аналарды жоғары оқу орнын таңдау кезінде мұқият болуға шақырды.

Бұған дейін Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьера университеті бас лицензиядан айырылу алдында тұрғаны хабарланды.

Жаңалықтар
0