АЛМАТЫ, 30 шілде – Sputnik. Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Алайда бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс іздеп жүрген адамдардың саны бірден 56%-ке артты.
Finprom.kz зерттеуіне сәйкес, бірінші тоқсан қорытындысына сәйкес республикада 15-28 жас аралығындағы жұмыссыз жастар саны 75,7 мыңды құрады. Бұл 2020 жылдың дәл сондай кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ке аз.
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2020 жылдың бірінші тоқсанындағы 3,8%-тен 2021 жылдың бірінші тоқсанында 3,7%-ке дейін төмендеді.
Жас әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,3%-ті, жас ер адамдар арасындағы жұмыссыздық 3,2%-ті құрады. Қалалық жердегі жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ке, ауылдарда 3%-ке жетті.
Өңір бойынша алғанда жұмыссыз жастардың көпшілігі Алматыда тұрады: 14,1 мың адам. Олардың саны Алматы облысында да көп, мұнда 8,5 мың адам. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында 7,7 мың жұмыссыз адам бар.
Жұмыссыздардың саны ел бойынша 5 өңірде артқан, қалған 12 өңірде олардың азайғаны байқалады.
Соның ішінде Ақтөбе облысында 1,8 мың адамға дейін, Қарағанды облысында 4,8 мың адамға дейін, Солтүстік Қазақстан облысында 1,4 мың адамға дейін қысқарған.
Жұмыссыздардың 21,2%-і немесе 16,1 мың жас бір айдан аз уақыт ішінде жұмыс табады. Жастардың 27,7%-і 1 айдан 3 айға дейін, 23,2%-і 3 айдан 6 айға дейін жұмыс іздейді.
Жарты жылдан бір жылға дейін аралықта жұмыссыздардың 16,8%-і немесе 12,7 мың адам жұмыс іздейді, бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 23,4%-ке көп.
Бір жылдан астам жұмыс іздеп жүрген жұмыссыз жігіттер мен қыздардың саны бірден 55,5%-ке, 8,4 мың адамға дейін өсті. Бұл Қазақстанда жұмыссыз жастардың жалпы санының 11%-ін құрайды.