НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Жаңаөзенде "Өзенэнергосервис" кәсіпорнының қызметкерлері жергілікті билікке өз талаптарын қойып, ереуілге шықты.
Энергосервис жұмысшыларының бейнеүндеуі желіде жарияланды, деп хабарлайды Lada.kz.
Жаңаөзендегі "Өзенэнергосервис" компаниясының қызметкерлері мынадай талап қойып отыр:
- ай сайынғы жалақыны екі есе өсіру;
- еңбек демалысы кезінде екі еңбекақы мөлшерінде ақы төлеу;
- 13-ші жалақы төлеу;
- зейнетақы жарналарын уақытылы аудару;
- энергетиктердің кәсіби мейрамында жыл сайынғы сыйақы.
Акция қатысушылары талаптар орындалмаса, Жаңаөзен жарықсыз қалатынын мәлімдеді. Емхана, жедел жәрдем және перзентхана секілді өмірлік маңызы бар нысандарға бұл қатысты емес.
Олар өз талаптарын орынды деп атап, Жаңаөзен тұрғындарынан мәселеге түсіністікпен қарауды сұрады.