Қоғам

Тоқаев екі министрлікті қайта құрды

© Официальный сайт Президента КазахстанаҚасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.07.2021
Жазылу
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойды

НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Ішкі істер министрлігінің бірқатар өкілеттігі еңбек және денсаулық сақтау министрліктеріне беріліп, олар қайта ұйымдастырылды.

Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Құжатқа сәйкес, ішкі істер министрлігінің халықтың көші-қоны саласындағы, сондай-ақ босқындар мәселелері жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беріледі.

Бұл ретте заңсыз көшіп келудің жолын кесу, заңсыз көшіп келушілердің реадмиссиясы, Қазақстаннан кетуге және Қазақстанға келуге визалар беру, халықты және азаматтықты құжаттандыру жөніндегі функциялар мен өкілеттіктер сол күйі ішкі істер министрлігінде қалады.

Сондай-ақ ішкі істер министрлігінің медициналық қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері денсаулық сақтау министрлігіне өтті.

Атап айтқанда:

  • 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап қылмыстық-атқару жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты;
  • 2023 жылдың 1 қаңтардан бастап қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға қатысты.

Президент үкіметке қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар мен оларға бағынысты ұйымдар арасында штат санын қайта бөлуді тапсырды.

Тағы оқыңыз: Түрмелердегі кей қызмет денсаулық сақтау министрлігіне беріледі

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұған дейін ІІМ қылмыстық-атқару жүйесіндегі медициналық қамтамасыз ету денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына берілетінін хабарлады.

Министрліктің мәлімдеуінше, бұл өзгеріс зерттеудің, диагностиканың және емдеудің қазіргі заманғы әдістеріне кеңінен қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ медицина қызметкерлері мекеменің әкімшілігіне тәуелді болмайды. Бұл заңсыз әрекеттерді жасыруға жол бермейді.

Жаңалықтар
0