АЛМАТЫ, 26 шілде – Sputnik. Ішкі істер министрлігі апталық брифинг кезінде елдегі шулы қылмыстарға қатысты ақпарат берді. Министрліктің хабарлауынша, Түркістан облысында медициналық құжаттарды қолдан жасаумен айналысқан үш адам ұсталды.
Ішкі істер министрлігі әскери-тергеу басқармасы медициналық құжаттарды қолдан жасаумен және сатумен айналысқан үш адамды анықтады. Соның ішінде Сарыағаш аудандық ауруханасының медбикесі бар. Ол Covid-19 жағдайында Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өтуге рұқсат беретін медициналық құжаттарды қолдан жасап, сатқан.
"Ұсталғандар қазақстандық медициналық мекемелердің шақыру-анықтамаларын қолдан жасаған. Оны 3-8 мың теңгеге сатқан. Бұл жалған құжат азаматқа медициналық мекеменің шақыруы бойынша мемлекеттік шекарадан өтуге мүмкіндік берген", - дейді ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Оның айтуынша, күдіктінің тұрғылықты жері мен жұмыс орнын тінту барысында сатуға дайындалған алдын ала мөр басылған 1 266 медициналық бланк алынды.
Қылмыстық кодексінің 385-бабы ("жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Алматы облысында 13 жастағы қыз көз жұмды
Алматы облысында 47 жастағы ер адам 13 жастағы қызды өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.
23 шілдеде Талғар қаласындағы жеке үйлердің бірінен зорлық-зомбылық белгілері бар 13 жастағы қыздың денесі табылды. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы қыздың өгей әкесін күдікті деп таныған.
Ішкі істер министрлігің хабарлауынша, ер адам қыздың анасымен азаматтық некеде тұрған. Қылмыс жасағаннан кейін оқиға орнынан бой тасалаған ер адам Алматы аумағында ұсталды.
Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жауапкершілікті күшейту туралы брифинг кезінде ішкі істер министрлігі мұндай қылмыстың полицияға қолжетімсіз жерлерде жасалатынын айтты. Сондықтан оның алдын алу өте қиын.
Полицияның мәліметінше, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстың 70%-тен астамын жақын адамдары жасайды. Олар: анасымен бірге тұратын адамдар, өгей әкесі, туыстары, көршілері, таныстары. Соған байланысты полиция баланың қоршаған ортасын бақылауға кеңес берді.
Айта кетейік, елде бір аптада 3 226 қылмыс жасалды. Оның 225-і тәулік ішінде ашылды.