06:27 28 Шілде 2021
Тікелей эфир
  • USD424.37
  • EUR499.91
  • RUB5.75
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
1208 0 0

Бердібек Сапарбаев отыз жылдан бері таза, әділ еңбек етіп келе жатқанын, алайда жала жапқандарды сотқа беріп, өз абыройын түсіргісі келмейтінін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде – Sputnik. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев әлеуметтік желіде өзіне тағылған айыптарға жауап берді.

"Әлеуметтік желіде сізге тағылған тағы бір айып: Ақтөбе облысы әкімі болып отырғанда, әкімдікке 1,7 миллион теңгеге орындық, 500 мың теңгеге ыдыс алдырыпсыз. Осы рас па?" деп сұрады журналист Нартай Аралбайұлы YouTube-каналындағы сұхбатында.

"Біріншіден ол менің есімде жоқ. Екіншіден, ондай ақымақ емеспіз ғой. Оны жазған адам дәлелдесін. Кім алды, кім тапсырыс берді, ақша қайдан кетті. Олай болуы мүмкін емес", - деп жауап берді Бердібек Сапарбаев.

Әкім жала жапқандарды сотқа беріп, өз абыройын түсіргісі келмейтінін айтты.

"Қазақта "ит үреді, керуен көшеді" деген сөз бар. Ойланармын әлі. Бірақ мен сондайлардың алдында өз абыройымды түсіргім келмейді. Маған да оңай емес, әрине. Отыз жыл еңбек етіп келе жатырмын. Таза, әділ еңбек етіп жатырмын деп ойлаймын. Қазақстанның жартысын, Қызылорданың тоқсан процентін маған іліп қоя берген... Білмеймін, тіпті. Мен өткенде сіздің әріптесіңізге "егер мен миллиардер болсам, әкім болмас едім" деп айтып едім. Не керегі бар маған?! Әрине, менің жүрегіме батады. Бірақ әркімнің өз ар-ұяты, намысы білсін", - деді облыс әкімі.

Оқи отырыңыз: Бердібек Сапарбаев әлеуметтік желідегі қазақтар жайлы: намысыма тиеді 

Сапарбаев жала жабудың көбісі көре алмаушылықтан шығатынын атап өтті.

Бердібек Сапарбаев туралы не білеміз

Бердiбек Мәшбекұлы Сапарбаев 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Бесарық ауылында туған. 1977 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.

Әр жылдары министрлер кабинеті аппаратының жетекшісі, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімі, кедендік бақылау агенттігі төрағасы, қаржы министрінің орынбасары қызметін атқарған.

2009 жылдың 4 наурызынан бастап 2014 жылдың 11 қарашасына дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі болды. 2014 жылдың қараша айынан 2015 жылдың 11 қыркүйегіне дейін премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды.

Ақтөбе облысын басқарды. 2019 жылдың 25 ақпанынан 20 тамызына дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. Ал 20 тамыздан 10 ақпанға дейін – үкімет басшысының орынбасары.

2020 жылдың ақпанынан Жамбыл облысының әкімі.

Үйленген, үш бала тәрбиелеп өсірді.

Загрузка...

Басты тақырып