АЛМАТЫ, 16 шілде – Sputnik. Қазақстанда алғаш рет өтетін ауыл әкімдерінің сайлауына қатысуға тіркелгендердің көпшілігі – өзін-өзі ұсынған азаматтар. Олар жалпы кандидаттардың 61,8%-ін құрап отыр.
Бұл туралы Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Қарин Telegram каналында жазды.
Ол сондай-ақ 14 шілдеде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кент пен ауыл округтерінің әкімі болуға кандидаттарды тіркеу аяқталғанын айтты.
"Республика бойынша сайлауға қатысу үшін барлығы 2 582 адам өз кандидатурасын ұсынды, оның 2 297-сі немесе 88,9%-і қажетті тіркеуден өтті. 878 адам (38,2%) саяси партия атынан кандидат болды", - деп хабарлады Тоқаевтың көмекшісі.
Ол еліміздегі алты саяси партия ауыл әкімі болуға өз кандидаттарын ұсынғанын айтты.
"Сондай-ақ үміткерлердің көпшілігі, тіркелгендердің жалпы санының 61,8%-і немесе 1 419 адам өзін-өзі ұсынды. Яғни, жаңа нормалар белсенді азаматтар үшін өз әлеуетін іске асыруға қосымша мүмкіндік береді", - деп жазды Ерлан Қарин.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл округі әкімі болу үшін сайлауға 25 жастан асқан Қазақстан азаматы қатыса алады. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес келуі, сотталмаған және сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасау фактісі болмауға тиіс.
25 шілдеде өтетін сайлауда Қазақстан бойынша 730 әкім сайланады. Тағы 45 басшы жыл соңына дейін сайланады, олардың өкілет мерзімі аяқталуы қажет.