Қоғам

Президент Әбсаттар қажы Дербісәлінің отбасына көңіл айтты

© Sputnik / Владислав ВодневЗдание Акорды
Здание Акорды - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.07.2021
Жазылу
Жеделхатта өнегелі ғұмыр кешіп, соңына мол ғылыми мұра қалдырған Әбсаттар қажының жарқын бейнесі ұмытылмайтыны жазылған

АЛМАТЫ, 15 шілде – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әбсаттар қажы Дербісәлінің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті шығыстанушы және дінтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, дипломат Әбсаттар қажы Дербісәлінің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

"Әбсаттар Бағысбайұлы еліміз үшін еселі еңбек етті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен басталған ұстаздық жолы жемісті болды. Арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі ретінде ғылымға терең бойлап, монографиялар мен құнды еңбектер жазды. Сонымен қатар еліміздің сыртқы саясаты саласында қызмет етіп, Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы ынтымақтастық байланыстың өркен жаюына атсалысты", - делінген президент жолдаған хатта.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти болған тұсында ислам дінінің құндылықтарын дәріптеуге, сондай-ақ конфессияаралық және ұлтаралық келісімнің нығая түсуіне қомақты үлесін қосты.

"Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына мол ғылыми мұра қалдырған Әбсаттар қажы Бағысбайұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз көрнекті ғалымның есімін әрдайым ардақ тұтады ", - деп жазылған президенттің жеделхатында.

Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлі 1947 жылы Түркістан облысында туған. Ол 2021 жылдың 15 шілдесінде дүниеден өтті.

Жаңалықтар
0