Қоғам

Жертөледегі екі хостел алматылықтардың үрейін ұшырып отыр

© Sputnik / Абзал КалиевШкольный двор
Школьный двор - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.07.2021
Жазылу
Балаларды сыртқа шығаруға қорқып қалған ағайын соңғы уақытта екі хостел қонақтары топтасып жанжалдасатынын айтады

НҰР-СҰЛТАН, 15 шілде – Sputnik. Алматылықтар көпқабатты үйдің жертөлесінен ашылған екі бірдей хостелден мазасы қашқан. Хостелдерді араққа сылқия тойып жүретін қонақтар иектеп алған. Қараңғы түсе төбелес бастайтын олар тұрғындарға түнімен ұйқы бермейді екен.

Балаларды сыртқа шығаруға қорқып қалған ағайын соңғы уақытта екі хостел қонақтары топтасып жанжалдасатынын айтады. Пәтер иелері мен кәсіпкерлерден күдерін үзген тұрғындар әкімдік өкілдері де қол қусырып қарап отыр дейді.

"Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қағылдық" деп мұң шаққандар ауламызда өгейдің күйін кешіп жүрміз дейді. Тұрғындардың айтуынша, екі бірдей көпқабатты үйдің жертөлесіндегі хостел нағыз жын-ойнақтың ордасына айналыпты.  Әсіресе ащы суға тойып алып түнемек іздейтіндер осы хостелдерді көбірек төңіректейтін көрінеді.    

Тұрғындардың айтуынша, жертөленің іші-сыртында санитарлық талап сақталмайды. Бір күндік қонақтар маңайды қоқыс пен темекі тұқылына толтырып тастаған. Дүрліккен жұрт бір күні өртеніп кетеміз бе деп үрейленеді. Ең сорақысы, екі хостелдің қонақтары соңғы кездері бір-бірімен топтасып төбелесуді шығарыпты.

"Екі жақ бірігіп алып есік алдында төбелесіп жүр. Кеше төбелескенде кішкентай балалар жан-жаққа шыңғырып қашып бара жатыр да. Сұмдық, үрейімізді ұшырды", - деп атап өтті Гүлмира Жақсылыққызы "КТК" телеарнасына берген сұхбатында.

Есігі аулаға қараған хостелден тілдесетін жан таппадық. Іштен құлыпталған есік сол күйі ашылмады. Ал келесі жертөлеге кіргенімізде тұрғындардың уәжі расқа айналды. Алдымыздан шыққан шетел азаматы сөйлеспек түгілі, тілшілерге тұра ұмтылды. Ушыққан мәселеге учаскелік полицейлердің араласуына тура келді.

Тәртіп сақшылары аталмыш хостелдерге қатысты шағым көп түсетінін мойындайды. Ал "жертөле біздің келісімді алмай сатылды" деген тұрғындар бәріне пәтер иелері кооперативі кінәлі деп есептейді. Алайда кооператив қызметкерлері өздеріне шаң жуытпады. 

Оқи отырыңыз: "Жаман ойымыз жоқ": Ақтауда баспанасын 7 жыл күткен үлескерлер шу шығарды

Тұрғындар бір көруге зар болған хостел иесінің біреуі ақыр соңында байланысқа шығып мән-жайды түсіндіруге тырысты. Жертөледе кәсібін дөңгелеткен әйелдің айтуынша, құжатында кінәрат жоқ. "Заң аясында жұмыс істеймін" деген ол, тұрғындардың жанайқайы негізсіз дейді.

"Тұрғындардың пайымынша, біз жертөлені заңсыз иеленіп отыр екенбіз. Тіпті пәтер иелері кооперативі жалға берген деген қауесет таратып жатыр. Мұның бәрі шындыққа жанаспайды. Бұл ғимаратты 2015 жылы құрылыс жүргізген компаниядан сатып алдық. Барлық құжат тексеруден өткізілген", - деді кәсіпкер Алла Кобзарь.

Ал мораторийға байланысты тексеру жүргізе алмаймыз деп ақталған шенеуніктер шағым айтқандарға сотқа жүгінуге кеңес береді. Бір қызығы, кәсібіме кедергі келтірді деген хостел иесі де тұрғындарды сотқа тартуға оқталып жүр. Демек тұрғындар мен шулы қонақтардың дауы әлі талай уақытқа созылуы мүмкін.

Жаңалықтар
0