Қоғам

Тоқаев әкімнен Маңғыстаудағы наразылықтар жайында сұрады

© AP Photo / Tony GutierrezДобыча нефти
Добыча нефти  - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.07.2021
Жазылу
Облыс басшысы мұнай саласындағы қиындыққа пандемия себеп болды деп отыр. Былтыр шикізаттың бағасы күрт төмендеген

НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында Маңғыстау облысындағы мұнай-сервис компаниясы жұмысшыларының мәселесіне баса назар аударды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымовтан осы өңірдегі маңызды мәселелер жайында сұрады. Соның бірі – жұмысшылардың жалақысы.  

"Тағы бір мәселе бар. Облыстың мұнай және мұнай сервисі кәсіпорындарындағы ахуал әлі де күрделі. Мұның себебі неде? Әкімдік тарапынан қандай шаралар қабылданып жатыр?", - деп сұрады Тоқаев.

Облыс басшысы мұнай саласындағы қиындыққа пандемия себеп болды деп отыр. Былтыр шикізаттың бағасы күрт төмендеген. Артынан мұнай саласында қызмет көрсететін компаниялардың жұмысы азайған. 

"Содан мәселе туындады. Қазір біз "ҚазМұнайГаз" компаниясымен бірлесіп, осы мәселені шешу үшін кешенді жоспарымызды дайындап жатырмыз. Ондағы мақсат – сервистік компаниялар мен мұнайшылардың еңбекақысын теңестіру. Себебі олар бір жұмысты атқарады. Бірақ жекеменшік сервистік компаниялардың тарифі төмен. Ал "ҚазМұнайГазға" қарасты мекемелердің тарифі одан жоғары. Сондықтан олардың жалақысын бір жобаға келтіріп, осы мәселені үкіметтің алдында көтереміз. Негізгі мәселе, сол – еңбекақы", -  деп түсіндірді Тұрымов. 

Ал президент Маңғыстау облысында шешімін таппаған мәселелердің аз емес екенін ерекше атап өтті.

"Жалпы, бұл аймақта шешімін таппаған мәселелер аз емес. Бұл - белгілі нәрсе. Дегенмен Маңғыстау облысының әлеуеті зор. Көлік логистикасы, туризм, арнайы экономикалық аймақ бар. Жуық арада үкіметпен, "ҚазМұнайГаз" компаниясымен және басқа органдармен бірлесіп, Маңғыстау облысын дамыту жайы мен өңірдегі түйткілді мәселелер жөнінде арнайы кеңес өткіземіз", - дейді Тоқаев.

Айта кетейік, ақпан айында Жаңаөзен мұнайшылары көшеге шыққан болатын. Атап айтқанда, "МұнайСпецСнаб Компани" ЖШС жұмысшылары жалақыны көтеруді және жұмыс тәртібін реттеуді талап еткен. Ал шілденің басында қалада жұмыс істейтін "КЕЗБИ" мұнай-сервистік компаниясының 600 жұмысшысы көтерілді. Олар да жалақыны көтеруді және жұмыс тәртібін реттеуді талап етті.

Жаңалықтар
0