НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Pfizer вакцинасын жеткізуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Былтыр мен тиісті тапсырма берген едім. Алайда Қазақстанға бөлінген Pfizer вакцинасы жеткізілмей қалды. Ал келіссөздердің нәтижесі бойынша компания биыл мамыр айында 2 миллион дозаны жеткізіп беруді жоспарлаған", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Осы орайда мемлекет басшысы үкімет айтқан уәжді де еске салды. Осы жұмыспен айналысқан шенеуніктер Pfizer тарапынан бірқатар талап қойылғанын алға тартып отыр. Алайда ондай шарттар вакцина сатып алатын барлық мемлекетке қойылады.
"Жақында осы компания тағы ұсыныс жіберді. Онда барлық шараның тәртібі жазылған. Президент тиісті қаулыға қол қою қажет дейді. Ондай қажеттілік болса, мен оны істеуге дайынмын. Президент әкімшілігі мен үкіметке қазіргі жағдайдың мән-жайын анықтап, осы бір қажетті препараттың біздің нарығымызға келуіне кедергі жасайтын лауазымды тұлғаларға қатысты шара қолдануды тапсырамын", - деп атап өтті Тоқаев.
Президент вакцина таңдау құқығын барынша кеңейту керектігін ерекше атап өтті. Себебі кейбір қазақстандықтар дәл осы вакцинаны күтіп отыруы мүмкін.
"Сондықтан осы мүмкіндікті беруіміз керек. Проблеманы қысқа уақыттың ішінде шешіп, Pfizer вакцинасын жеткізіп беріңдер", - деді Тоқаев.