Қоғам

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыс әлемінің "авторитетін" ұстады

© Sputnik / Тимур БатыршинНаручники, архивное фото
Наручники, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.07.2021
Жазылу
Қылмыстық ортаның "беделдісінен" криминалдық айналымға арналған жалған 400 мың доллар тәркіленді

НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті жалған шетел валютасын өткізбек болған трансұлттық қылмыстық топтың сыбайласын ұстады, деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі. 

"27 маусымда Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитеті жалған шетел валютасын өткізбек болған трансұлттық қылмыстық топтың сыбайласын ұстады. Қылмыстық ортаның "беделдісінен" криминалдық айналымға арналған жалған 400 мың доллар тәркіленді", - делінген хабарламада.

Осы факт бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 231-бабы 2-бөлігі (Жалған ақша және бағалы қағаздарды өткізу мақсатында жасау, алып өту, сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Бұл бап мүлікті тәркілеп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды қарастырады. Қылмыскер кінәсін мойындады.

Оған сондай-ақ ақтөбелік кәсіпкердің автокөлігі мен жер телімін заңсыз иемдену фактісі бойынша өздігінен иелік ету айыбы тағылып отыр.

Алынған деректер бойынша ұсталған адам Қырғызстан мен Ресейде "қылмыс әлемінің серкесі" атанған адамдармен байланыста болған. Фигуранттың "ұрылар қауымдастығын" қаржыландыруға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Ұйымдасқан қылмыстың экономика саласына енуі оның тұрақты дамуына кедергі келтіріп, көлеңкелі капиталдың артуына ықпал етеді.

"Осы санаттағы қылмыстар азаматтарымыздың мүддесіне қарсы бағытталған, қаржы жүйесіне теріс әсер етіп, еліміздің беделіне нұқсан келтіреді", - деп толықтырды ұлттық қауіпсіздік комитеті.

Қабылданып жатқан шаралар экономикалық қауіпсіздік пен азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған. 

Жаңалықтар
0