Қоғам

Білім министрлігі аттестация қашан басталатынын хабарлады

© Sputnik / Алексей Мальгавко / Медиабанкке өтуАрхивное фото школьного учителя в классе
Архивное фото школьного учителя в классе - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.07.2021
Жазылу
Сарапшылар тексерісті қашықтан жасайды. Ол үшін білім беру ұйымдары құжаттардың электронды нұсқасын жіберіп отырады

НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. 2021 жылы қыркүйек айында барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымында, мектептерде, колледждерде, арнайы және әскери жоғары оқу орындарында мемлекеттік аттестация басталады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мемлекеттік аттестация бес жылда бір рет ұйымдастырылады. Соның аясында меншік формасына қарамастан, барлық білім беру ұйымы толығымен тексеріледі.

"Мемлекеттік аттестация профилактикалық бақылау үлгісінде өткізіледі. Негізгі мақсат – жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандартының талаптарын орындау шараларын қадағалау. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарына әдістемелік көмек беріледі", - деді білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Ермекбаева арнайы брифингте.

Аттестациялық комиссия бірыңғай республикалық реестрге кіретін сарапшылардың тізімі негізінде жасақталады. Ал тексерістің өзі қашықтан өтеді. Сарапшылар білім беру ұйымына бармайды. Олар білім беру ұйымдары жіберген құжаттардың электронды нұсқасы негізінде өз бағасын береді.

Атап айтқанда, оқушылардың білім деңгейі бағаланады, кешенді тестілеу өткізіледі. Ата-аналар арасында сауалнама ұйымдастырылады. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарына өз-өзіне баға беруге мүмкіндік жасалады.

"Бұл - халықаралық тәжірибе. Ол да бақылаудың бір механизмі, ондай шара білім беру ұйымның дербестігін ынталандыруға, сондай-ақ, білім беру жұмысын жетілдіруге бағытталған", - деп атап көрсетті Ермекбаева.

Ал оқушылардың білімін бағалау аясында тестілеу жүргізіледі. Бастауыш сыныптарда – екі пән, негізгі орташа білім үшін – үш пән, ал жалпы орта білім алушылар төрт пән бойынша тест тапсырады.

Кәсіби-техникалық білім беру ұйымдарында екі салалық пән бойынша тестілеу ұйымдастырылады. Ал мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу аясында ата-аналар арасында сауалнама жүргізіледі.

Бес жылдың ішінде барлық білім беру ұйымы – балабақша, мектеп, колледж, арнайы және әскери жоғары оқу орындары да мемлекеттік аттестациядан өтеді деген жоспар бар.

Жаңалықтар
0