НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Қаржы нарығын бақылаушылар құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, тағы бір қаржы пирамидасын анықтады, деп хабарлады Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
"Әлеуметтік желі мен ақпараттық кеңістікті мониторингтеу барысында инвестициялық қызметтен жоғары кіріс алуға уәде бере отырып, өз қызметін белсенді жарнамалайтын "Finiko" компаниясы анықталды", - делінген ресми хабарламада.
Агенттік мамандары осы ұйымның Instagram-да аккаунттарын да жариялады. Олар: instagram.com, instagram.com.
"Finiko" пайдаланушыларға "Сyfron Sapital OÜ" платформасында cryptocurrency және басқа инвестициялық құралдарды сатып алуды ұсынады.
"Бұл жылжымайтын мүлікті, автомобильдерді сатып алуға, міндеттемелерді өтеуге және инвестициялауға байланысты жағдайларды имитациялайтын ойын алаңы",- дейді мамандар.
СYFRON (CFR) есептеулер жүргізілетін криптовалюта ресми валюта болып табылмайды және қаржылық құндылығы жоқ. Осылайша, пайдаланушылар ақшаны нақты инвестициялық компанияға емес, оның жалған үлгісіне салып жүр.
Өз кезегінде "Finiko" компаниясы осы ойын платформасын пайдалану кезінде күніне 1-1,2% мөлшерлеме бойынша кіріс төлеуді уәде етеді. Бұл халықтың теңгелік депозиттері бойынша орташа нарықтық мөлшерлемеден 43 есеге артық.
"Finiko" сонымен қатар тұтынушылық және ипотекалық несиелерді өтеуді ұсынады. Егер компания борыш сомасының 35%-ын салса, ол қатысушының кредиті бойынша бүкіл соманы төлеуге міндет алады. Осындай талаптар автокөлік пен жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде ұсынылады: жарна мүлік құнының кемінде 35%-ін құрайды және 3-4 ай өткеннен кейін компания оны сатып алуға және қатысушының меншігіне беруге уәде береді",-делінген тексерістің қорытындысында.
Сондай-ақ, компания кез келген сатып алу үшін 25%-ке дейін ақшаны қайтаруды және тегін қызмет көрсету кезінде ай сайынғы қаражат қалдығына 6% сыйақыны ұсынатын жалған кэшбэк-карталар есебінен көтеріңкі кірістілікті алуға уәде етеді. Сонымен қатар, осы карта аясында 1-5 адам тарту үшін 1%-тен 10%-ке дейін жоғары кэшбэк пайызын ұсынатын анықтамалық бағдарлама бар. "Finiko" өтініші бойынша кэшбэк-карточка MasterCard-пен ынтымақтастықта жасалғанын атап өтеміз. Алайда, "Finiko" MasterCard серіктестерінің тізімінде жоқ", - дейді мамандар.
"Finiko" компаниясы банктерде арнайы есеп айырысу шоттарын пайдаланбайды. Алаяқтық операцияларды жүргізу үшін ол ақшаны тек қолма-қол нысанда қабылдайды не Qiwi-кошелек, Яндех-ақша, Easy Pay, PayPal және т.б. сияқты интернет-төлемдер мен аударымдардың түрлі жүйесін пайдаланады. Осылайша, қатысушылар салынған қаражаттың қайда бағытталғанын бақылай алмайды.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде қаржы пирамидасын құрғандарға қатысты сот басталды
Қазіргі кезде Ресей Федерациясының аумағында қаржы пирамидасын ұйымдастыру фактісі бойынша "Finiko" компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Компанияның жалпы шығыны 80 миллион рубльден асады. 2019 жылғы тамыз - 2020 жылғы желтоқсан аралығында компания Татарстан мен Ресей Федерациясының басқа субъектілерінің аумағында жеке тұлғалардың қаражатын қор нарықтары мен криптовалютаға инвестициялау үшін деп тартқаны анықталды. Ресейдің орталық банкінің сайтында "Finiko" "қаржылық пирамида" белгілері бар компаниялар тізімінде тұр.
"Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Finiko" қызметін анық қаржылық пирамида мен қаржылық алаяқтықтың белгілеріне ие деп бағалайды. Берілген компания қаржылық ұйымдарға жатпайды, өйткені оның уәкілетті орган берген лицензиясы жоқ, тиісінше, ол халықтан ақша тарту, тартылған қаражатты сенімді басқару және инвестициялау бойынша қызмет атқаруға құқылы емес",- делінген ресми хабарламада.
Осыған байланысты агенттік Қазақстан азаматтарына "Finiko" компаниясына инвестиция жасау және онымен шарттық қатынастарды орнату, берілген компанияның шотына қаражат аудару немесе қолма-қол ақша беру қауіпті болып табылатыны туралы хабаралайды.