Қоғам

Назарбаев Әлиев пен Әблязов туралы ойын ашық айтты

© Sputnik / Абзал КалиевЕлбасы Нурсултан Назарбаев на избирательном участке
Елбасы Нурсултан Назарбаев на избирательном участке  - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.07.2021
Жазылу
Назарбаев Рахат Әлиевті жоғары лауазымға тағайындау қателік болғанын айтты. Сұхбат барысында Елбасы сол кездегі оқиғаларды есіне алды

НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде — Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мұхтар Әблязов пен Рахат Әлиев туралы ойын айтты.

6 шілде күні Қазақстанда "Qazaq: history of the golden man" атты деректі фильмнің премьерасы өтті. Белгілі режиссер Оливер Стоун фильм продюсері ретінде Назарбаевтан сұхбат алды. 

Елбасы өзінің бұрынғы күйеу баласы марқұм Рахат Әлиев туралы ойын білдірді. Оны лауазымды қызметке тағайындау қателік болғанын атап өтті.

"Қаржы полициясы оның қарамағында еді. Осыны пайдаланып, өзгелердің бизнесі мен ақшасын тартып ала бастады. Бір уақытта оған: "Тоқта" деп ескерту жасадым. Ол кезде менің күйеу балам, үш кішкентай немеремнің әкесі болды. Қызым, үш немерем мен оның әкесі маған келді. "Мен не істей аламын? Ол - қылмыскер" деп жауап бердім", - деп еске алды Назарбаев.

"Бұл сіз үшін өте ауыр болған шығар?", - деп сұрады Оливер Стоун.

"Өте ауыр болды. Егер басқа біреу болса... Ал бұл жерде өзім сенім артқан адам... Кеше Дариғада болдыңыз ғой?", - деп сұрады Елбасы.

"Иә, ол бұл тақырыпты талқылағысы келмеді", - деді Стоун.

"Мен оның басынан не өткенін түсінемін. Оны аяймын", - деді Назарбаев.

Еске сала кетсек, Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі болған. 2008 жылы оған билікті тартып алуға әрекеттеніп, адам ұрлаумен айналысатын қылмыстық топ құрғаны үшін ұзақ жылға соттау туралы сырттай үкім шықты. 2011 жылдың маусым айында Вена соты Әлиевті Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты.

2015 жылдың ақпан айында австриялық БАҚ Әлиев түрмеде өлі табылғанын хабарлады. Өз-өзіне қол жұмсау негізгі себеп ретінде қарастырылды.

Мұхтар Әблязов жайлы

"Сіздің командаңыздағы жоғары лауазымдағы адамдар сізге қарсы болған кездер де кездесті ғой?", - деп сұрады Стоун Назарбаевтан.

"Мұндай көбінде болған, тек біздің ғана жағдай емес. 1991 жылды алып қарасаңыз, Кеңес Одағы ыдырады, бәрі жалғыз қалды. Мен қызметтес болғандардың бәрі бұрынғы коммунистер еді. Бірақ арасында университет бітірген, нарықтық экономика, капитализмнен хабары барлар кездесті. Бұрынғы тәжірибесі кедергі келтірмес үшін мен 30-32 жыл бұрын оларды қызметке тағайындай бастадым", - деді Назарбаев.

Елбасы олар министр сынды жоғары лауазымдарға ие болғанын жеткізді.

"Бұл қателік болды. Олар мемлекеттің азын-аулақ ақшасын, керісінше, жымқыра бастады. Көбі жемқорлықпен ұсталды. Оны (Әблязовты - Sputnik) Лондон соты халықаралық алаяқ деп танып, соттады. (Бірінші ретте - Sputnik) мен оған кешірім жасадым", - деді Назарбаев.

"Оның банкке қайта оралып, ақшасын қолды етуі басты қателік болды. Миллиардтаған ақша жымқырды. Бұған қоса, тапсырыс беріп, өзінің серіктесін өлтірді. Біз бос сөз айтып отыр демеуі үшін бұл істі америкалық ФБР-мен бірге тергедік", - деді тұңғыш президент.

Жаңалықтар
0