НҰР-СҰЛТАН, 4 шілде — Sputnik. Бүгін мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен ұлттық домбыра күніне арналған онлайн форматта мерекелік концерт өтеді. Концерт QAZAQSTAN телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
2018 жылы 13 маусымда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық домбыра күнін шілденің алғашқы жексенбісінде атап өту туралы жарлыққа қол қойды.
Домбыра - қазақ халқының рухани мұрасы мен бай дәстүрінің нышаны. Ғасырлар бойы ол қуанышта да, шерлі күндер мен жеңісті күндерде халқымыздың жанында. Ұрпақтан-ұрпаққа домбыра пернесінен күмбірлеген күй арқылы біздің мәдени құндылықтарымыз, салтымыз бен аңыздарымыз келіп жеткен.
Осы дәстүрдің жалғасы ретінде 4 шілде, сағат 11:00-де телевизиялық түсірілім форматында QAZAQSTAN телеарнасында "Ұлттық домбыра" күні аясында "Нағыз қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра" концерті өтеді.
Концертте Құрманғазы атындағы Қазақ академиялық халық аспаптар оркестрі, Н. Тілендиев атындағы "Отырар сазы" этнофольклорлық оркестрі, Тәттімбет атындағы академиялық филармониясының халық аспаптарынан құралған жиынтық оркестр мен еліміздің дәстүрлі өнерпаздары сахнаға шығады.
Ұлттық домбыра күнінде республикамыздың 17 өңірінен келген тәуелсіздік құрдастарынан құралған 30 домбырашы тәуелсіздіктің мерейлі 30 жылдығына күйден шашу шашады.
Қала тұрғындары мен қонақтарына алғашқы рет домбыра күніне арнайы сыйлық ретінде ЕХРО орталығы алаңында күй мектептерінің көрнекті тұлғаларының күйлерін ұялы телефонмен QR-код арқылы жүктеп алып тыңдауға болатын ақпараттық стендтер орнатылады.
Оқи отырыңыз: Домбыраның шығу тарихын оқыған мәжіліс депутаты жағасын ұстады
ЕХРО орталығы алаңында аспан астындағы сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Батыржан Мықтыбаев, Нұркен Әшіров сынды дәулескер күйшілеріміз атақты күйші бабаларымыз Құрманғазы, Қазанғаптан бастап Қазақстан композиторларының күмбірлеген күйінен шашу шашып, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сәуле Жанпейісова, Елмұра Жаңаберген, Ардақ Балажанова, Ерлан Рысқали сынды күміс көмей әншілер ән шырқайды.
"Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра" атты ән мен күй төгілген концертте жас орындаушылар – халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары өнер көрсетеді.