НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов картоп қымбатшылығын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз өңірге қажетті көкөністің көлемін есептеп, соны қалдырып отыруымыз қажет. Әйтпесе, барлығын экспортқа шығарып тастаймыз. Мәселе сонда болып тұр", - деді Ақсақалов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, биыл әлем бойынша көкөністің бағасы өсті. Ал шаруалар өз шығындарын ақтау үшін біраз өнімін сыртқа шығарып, сатып жіберді.
"Мысалы, былтыр күзге таман картоптың көтерме бағасы 95 теңге болған. Осы бағамен сатты", - деп атап көрсетті аймақ басшысы.
Ақсақалов осы жолы тұрақтандыру қорының есебінен бағаны не себепті ұстай алмағанын да түсіндірді.
Оқи отырыңыз: Облыс орталығында картоп пен сәбіз сатып алуға шектеу енгізілді
"Біз тұрақтандыру қорына, кемінде, 800 тонна картоп сатып аламыз. Оны 26 дүкенімізде төмен бағамен қыс бойы 100 теңгеден немесе 110 теңгеден сатып отырдық. Ал мамырдың ортасына қарай жыл сайын оңтүстіктен жаңа картоп келіп тұрады. Биыл, өкінішке қарай, мамырда жаңа картоп келген жоқ. Сол себепті бағасы өте қатты өсіп кетті", - деді облыс әкімі.