Қоғам

Нұр-Сұлтанда көпбалалы аналарға әлеуметтік төлем уәде еткен алаяқтар ұсталды

© SputnikАрхивное фото телефонного разговора
Архивное фото телефонного разговора - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.07.2021
Жазылу
Алаяқтардың әрекетінен елордалық екі көпбалалы ана зардап шекті. Олар есепшотқа 40 мың теңгеден ақша аударып үлгерген

НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде - Sputnik. Өздерін халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарымыз деп таныстырып, көпбалалы аналарға әлеуметтік төлем тағайындалғанын айтып қоңырау шалған алаяқтар ұсталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Олар көпбалалы аналарға әлеуметтік төлемді алу үшін алдымен төленбеген айыппұлын өтеу қажет екенін айтқан.

"Қолға түскен 24 жастағы қыз бен жігіт Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Екі жас қоңырау шалған адамдарға жалған сот орындаушысының нөмірін беріп, айыппұлды сол жерде өтеу керектігін айтқан. Осылайша тұрғындарға үлкен сомадағы қаржыны уәде еткен олар айыппұл аудару үшін есепшот нөмірлерін де берген. Аударылған ақшаны алысымен, телефон нөмірлерін бұғаттап, іздерін жасырып отырған", - делінген хабарламада.

Алаяқтардың әрекетінен елордалық екі көпбалалы ана зардап шекті. Олар алаяқтар берген есепшотқа 40 мың теңге көлемінде ақша аударып үлгерген.

Қазіргі күні күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша іс қозғалды, олар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті осындай мақсатпен қоңырау шалған адамдарға сенім білдіріп, ақша аудармас бұрын олардың алаяқ емес екеніне көз жеткізу керектігін ескертеді. Әдетте алаяқтар қарапайым абоненттік нөмірден қоңырау шалады, жеке басын куәландыратын құжат нөмірін сұрайды, әкімшілік айыппұлды өтеу қажет екенін хабарлайды, 1414 бірыңғай нөмірінен емес, өзге нөмірлерден смс жолдайды, ақша аудару үшін есепшотты береді.

Полиция қызметкерлері ХҚКО қызметкерлері азаматтардың жеке басына қатысты мәліметті телефон арқылы сұратпайтынын ескертеді.

Оқи отырыңыз: Халыққа қызмет көрсету орталығы алаяқтар пайда болғанын мәлімдеді 

 

 

Жаңалықтар
0