НҰР-СҰЛТАН, 2 шілде — Sputnik. Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы қаражатты жаңа мақсаттарға жұмсай алады. Ашық НҚА порталында тиісті жоба жарияланды.
Құжатқа қол қойылған соң, БЖЗҚ салымшылары қаржыны жақын туыстарын емдеуге немесе өзі шетелде ем қабылдауға бағыттауы мүмкін. Бұл үшін шетелдік валютада арнайы есепшот ашып, дәрігерлік комиссиядан өту керек. Сондай-ақ, шетелдік компаниямен келісімшарт жасасу қажет.
Бұған дейін алынған медициналық қызмет пен дәрі-дәрмек құнын өтеуге болады. Тізімге шипажай-курорт емі, экстракорпоралды ұрықтандыру, онкология мен аутоиммундық сырқаттарға жұмсалатын шығын да енді.
Еске сала кетсек, қаңтар айының соңында қазақстандықтар баспана алу үшін зейнетақы жинағындағы ақшаның бір бөлігін пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, қаражатты емделуге, жеке қаржы компаниялардың басқаруына беруге болатын еді.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда зейнетақы туралы заңға жаңа өзгерістер енгізілетіні рас па – министрлік жауабы