НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде – Sputnik. Белгілі қазақстандық астролог Ирина Әбдірайымова шілде айына болжам ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Халыққа ұнамайтын заңдар
Жұлдызнамашының айтуынша, шілде айында әлемде жағдай күрделі болады. Пандемияға байланысты елдер арасында ұшуға, жүріп-тұруға шектеулер сақталады. Коронавирусқа қарсы вакцина салдыру ерікті емес, мәжбүрлі болуы мүмкін.
"Жалпы айдың бірінші онкүндігі айтарлықтай күрделі – халықаралық аренада қақтығыстар, жағдайдың шиеленісуі. Митинг, теракті, арандату, тіпті төңкеріс болуы ғажап емес. Саяси аренада өркөкіректік пен билікке қызығушылық дипломатиялық деңгейде шешілуге тиіс проблемаларға әкеп соғады", - деп болжам жасады Әбдірайымова.
Ол осы айда заңдарға халықтың қолдауына ие болмайтын өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін ескертті.
Шілденің басы кімдерге қиын
Астрологтың айтуынша, 1 шілдеде адамдардың көбі құқығы тапталып-шектеліп жатқан сияқты сезімде жүреді. Жоспарлары іске аспай, мазасы кетеді. Қабылданған шаралар өзі күткен нәтиже бермеуі мүмкін.
2-3 шілде күндері адамдар тез шешім қабылдап, шапшаң қимылдауға тырысады. Бірақ мұның соңы ұжымдағы әріптестерімен, достарымен жанжалдасуға, тіпті сүйіктісімен айырылысуға әкеп соғуы мүмкін. Сол себепті маман қандай да бір шешім қабылдамас бұрын "жеті рет өлшеп, бір рет кесуге" кеңес берді.
"Егер айдың басында көңіл-күйіңіз көтеріңкі болса, 4-5 шілде ойыңызға жаңа идеялар келуі мүмкін. Бұған дейін шешімін таппаған мәселелер аяқ астынан шешіледі немесе оларды шешудің жаңа жолдары табылады. Бұл кезеңде қызықты кездесулер мен таныстықтар күтіп тұр, бастысы авантюрадан аулақ болыңыз", - деді Әбдірайымова.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда 1 шілдеден бастап не өзгереді
Ал 5-7 шілде аралығында адамдардың өміріне Нептун энергиясы ықпал етеді. Шытырман оқиғаларды іздеген жандар алданып, көңілі қалуы мүмкін.
Жұлдызнамашының айтуынша, бұл кезеңде махаббат, қамқорлық тапшылығы қатты сезіледі. Осының кесірінен өзімшілдік, салқындық, сараңдық сияқты жағымсыз қасиеттер байқалады.
Қыз бен жігіт арасында түсініспеушілік болып, қарым-қатынасты тоқтату туралы ой келеді. Маманның сөзінше, айдың бірінші онкүндігі тек ғашықтарға ғана емес, бизнесмендерге, қатардағы қызметкерлерге де оңай соқпайды.
7,8,9 шілде – бағалы заттар, қымбат киімдер мен өнер туындыларын сатып алуға аса сәтті кезең емес. Өйткені олар кейін сізге ұнамай қалуы мүмкін.
"Жалпы бұл уақытта маңызды шешім қабылдамаған дұрыс. Бәрін таразылап, ақылға салсаңыз, қателікке ұрынбайсыз", - деп кеңес берді астролог.
Сонымен қатар ол бұл аралықта жол апаты жиілеп, жарықтың өшуі, байланыс және интернетпен проблема болуы мүмкін екенін айтты. Бұған қоса ұрыс-керіс, қақтығыс, нық қадамдар оң нәтиже бермейді, керісінше, зиянын тигізуі әбден мүмкін.
Айдың соңы оқиғаларға толы
Әбдірайымованың болжамынша, 10 шілдеден бастап көңіл-күй қалпына келеді. Ренжісіп қалған ғашықтар татуласып, физикалық жақындық, романтизм кезеңі туады.
Қазақстандық маман бұл сапарға шығу, бір нәрсе сатып алу, адамдармен кездесу және романтизм үшін таптырмас уақыт екенін айтты. Қыз бен жігіт арасындағы сезім оты қайта тұтанады.
Сонымен қатар сырласуға, шер тарқатуға өте қолайлы кезең. Тыныш жерге барып, әңгімелесіп, арадағы түсініспеушіліктерді шешіп алуға болады.
Тағы оқыңыз: 15 шілдеге дейін вакцина салдыру керек – бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы
12-13 шілде – іссапар, басшылықпен, журналистермен сөйлесу, құдаласу, маңызды құжаттарға қол қою үшін сәтті уақыт.
15-17 шілде күндері ішкі түйсік жақсы жұмыс істейді. Шығармашылық, бейресми кездесулер кезеңі.
18 шілдеде ортақ ақша, ортақ бизнеспен байланысты проблемаларды шешуге тура келеді. Жұмыста, үйде түсініспеушіліктер болуы ғажап емес.
"Жанжалдаспауға тырысыңыз, сіздің сөзіңізге бәрібір ешкім құлақ аспайды. 19 шілдеде мәселе өз-өзінен шешіліп, күтпеген жерден көмек келуі мүмкін", - деді жұлдызнамашы.
Ал шілденің үшінші онкүндігі оқиғаларға толы болмақ. Десе де, Әбдірайымованың айтуынша, бәрі ойдағыдай көрінгенімен, іштей көңіл толмаушылық сезіледі.
Қанағаттанбау, шыдамсыздық, түңілу, арам пиғылды ойлар мен іс-әрекеттер байқалады. Бір жағынан жалқаулық, қыңырлық, қызғаныш, көре алмаушылық, менмендік пайда болады.