Қоғам

Білім министрлігі мектептерде қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етпек?

© Sputnik / Владислав ВодневПоследний звонок 2021
Последний звонок 2021 - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.06.2021
Жазылу
Мектептердегі проблемаларды шешу үшін жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат жеткіліксіз, дейді білім министрі

НҰР-СҰЛТАН, 29 маусым – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бейнекамерамен қамту

Аймағамбетов Қазақстанның барлық мектебі бейнебақылау камераларымен 100% қамтамасыз етілгенін атап өтті. Бірақ камералардың тек 55%-і ғана талаптарға сай келеді.

"Жергілікті бюджеттерден бұл мәселені шешу үшін 1,4 миллиард теңге бөлінді. Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында бейнебақылау жүйесі мәселесі шешімін тапса, Түркістан, Атырау, Жамбыл облыстарында қаражат әлі жеткіліксіз. Осыған байланысты жергілікті әкімдерден тиісті қаржы бөлуін сұраймыз", - деді Аймағамбетов үкімет отырысында.

Дабыл түймелерін орнату

Бүгінде мектептерде дабыл түймелерінің саны небәрі 648 (9,3%) ғана. Дабыл түймелерімен қамту мәселесі Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында ғана шешімін тапқан.

"Проблеманы шешу үшін жергілікті бюджеттен 980 миллион теңге көзделген. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз",- деді министр.

Айтуынша, Түркістан, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарында ақша толық қарастырылмаған.

Арнайы күзет

"Қалаларда орналасқан білім беру ұйымдарын лицензияланған күзетпен қамту қажет. Мамандандырылған күзет қызметі бүгінде қала мектептерінің 38%-інде (680) енгізілген. Жергілікті атқарушы органдар қосымша 828 миллион теңге бөлді. Бірақ әлі де қосымша қаржы бөлу керек", - деді Аймағамбетов.

Қаражат 8 өңірде жеткіліксіз: Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласы.

Бұл білім беру ұйымдары болғаннан кейін қүзет жыл сайын ауыса бермеуі үшін арнайы күзет қызметімен қол қойылатын келісімшартты кем дегенде 1 жылдан 3 жылға дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз, деп толықтырды ол.

Балаларды таситын автобустар

Аймағамбетовтің сөзінше, республикада 21 мыңнан астам оқушы тасымалдауды қажет етеді. Олар үшін 758 автокөлік жұмыс істейді.

Соңғы үш жылда автобус паркі 203 бірлікке жаңарған. Бүгінгі таңда 515 автокөлік сатып алу қажеттілігі бар.

Бұл мәселені шешу үшін мектептерді автобустармен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы қабылданған.

Педагог-психологтар қажет

Аймағамбетовтің айтуынша, 7 652 педагог-психолог күн сайын қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсетеді.

"2019 жылдың 1 қаңтарынан психолог-педагог санаты 3-блоктан 2-блокқа көтерілді, соның арқасында жалақы қөбейді. Сондай-ақ 2019 жылдан бастап педагог-психологтерге біліктілігі үшін қосымша 30%-тен 50%-ке дейін ақы алу мүмкіндігі берілді", - деді ол.

Әлемдік тәжірибе бойынша оқушыларды психологиялық қолдаудың тиімділігін арттыру үшін қосымша штаттық бірліктер қажет болып тұр, деп нақтылады министр.

Балалардың қауіпсіздігі үшін қабылданатын шаралар

  • психологиялық қызметтердің жұмысын күшейту үшін бірыңғай талаптар енгізу;
  • тәрбие жұмысы бойынша мектеп пен ата-аналардың өзара іс-қимылының жаңа форматын енгізу;
  • тәрбие жұмысының құндылыққа бағытталған компонентін күшейту;
  • білім беру ұйымдарын камералармен, лицензияланған күзетпен, дабыл түймелерімен, жедел басқару орталықтарына шығарумен 100%-ке қамтамасыз ету;
  • мұғалімдер мен оқушыларды төтенше жағдай, террористік қауіп кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша оқытуды ұйымдастыру;
  • мектептерде штаттан тыс жағдайлар бойынша жыл сайынғы оқу-жаттығулар өткізу;
  • төтенше жағдайлар, террористік қауіп кезінде оқушылар мен мектеп қызметкерлерінің іс-қимыл алгоритмін жаппай енгізу.

"Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бекітілген талаптарды орындап, бюджеттен қосымша қаржы бөліп, қысқа мерзімде осы жұмысты ұйымдастыру керек", - деді Аймағамбетов.

Жаңалықтар
0