10:13 27 Қыркүйек 2021
Тікелей эфир
  • USD423.91
  • EUR497.37
  • RUB5.82
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
COVID-ке қарсы вакцина (371)
103 0 0

Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің эпидемиологиялық бағыт бойынша орынбасары Әсел Қалықова вакцинаға салдыруға қарсы адамдардың күн сайын азайып жатқанын айтты

АЛМАТЫ, 25 маусым – Sputnik. Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берді. Маман қызмет көрсету саласы мамандарына вакцина салдыру міндеттелсе, Алматыда бұл процесс барысы қалай бақыланатынын, сондай-ақ қаладағы вакцина салдыру қарқыны мен үнді штаммы туралы сауалдарға байланысты пікір білдірді.

- Әсел Тоқанқызы, қазір қызмет көрсету саласының қызметкерлеріне, оның ішінде 20-дан астам қызметкері бар ұжымға вакцина салдыру міндеттелетіні айтылып жатыр. Жұмыс берушілер мен ірі компаниялар бұған қалай қарайды? Және осы бойынша бұзушылықтар қалай анықталады, процесс қалай бақыланады?

Қазір еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысын күтіп отырмыз. Иә, бұған дейін қызмет көрсету саласына қатысты осындай жайттар айтылды. Дей тұрғанмен қаулы шықпай тұрып бұл талап қызмет көрсету саласы қызметкерлеріне қатысты болады деген тұжырым жасауға келмейді. Ал нақты жауап беру үшін құжатқа сүйену керек. Қаулы бүгін-ертең шығады, содан кейін ғана жұмыс берушілердің мұны қалай қабылдағанын, қалай ұйымдастырылатынын айта аламыз.

Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің эпидемиологиялық бағыт бойынша орынбасары Әсел Қалықова
© Sputnik / Тимур Батыршин
Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің эпидемиологиялық бағыт бойынша орынбасары Әсел Қалықова

Алматыда, жалпы Қазақстан бойынша мекеме, ұйым қызметкерлерін вакциналау 2021 жылдың бірінші ақпанынан басталды. Ол кезде бұл вакцина салдыруға міндетті мамандардан басталды, одан кейін басқа салада қызмет ететін тұрғындар вакцина салдыра бастады. Ұжым, мекеме қызметкерлері меншік нысанына қарамастан вакцина салдырғаны дұрыс. Біз осындай ұсыныс айттық және ол қазірге дейін жалғасып жатыр. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары мұның тиімді екенін БАҚ беттерінде айтып жүр. Бұл аурудың алдын алудың тиімді шараларының бірі. Вакцина алған қызметкерлердің артықшылықтары болады. 

- Қаулы қабылданған соң қызметкерлердің вакцина салдыру көрсеткіші қалай бақыланады?

Санитар дәрігерлердің жұмысы жергілікті атқару органдарымен, қалалық қоғамдық денсаулық басқармасымен бірлесе атқарылады. Демек, бұл топтық жұмыс. Соның ішінде бұл мемлекеттік қызмет пен шағын және орта бизнес өкілдеріне де қатысты. Алматыдағы ірі кәсіпорындар, соның ішінде "Атамекен" ҰКП-ға кіретін кәсіпорындар вакциналанатын қызметкерлердің саны туралы деректерді ұсынып отыр. Жергілікті емханалар ол ұйымдарда қызмет ететіндердің ішінде екпе салдырғандардың тізімін жасайды, олар туралы дерек электронды базаға енгізіледі. Сол база арқылы кімнің қай күні вакцина салдырғаны көрінеді. Демек кімнің қашан вакцина салдырғанын көріп отыруға мүмкіндік бар. Әрине, мұны әкімдікке қарайтын мониторинг тобы мен біздің департаменттің мамандары бақылайды. Егер қызметкер вакцина салдырғанын айтатын болса, ол сөзге ешкім сенбейді. Ол вакцина салдырғанын растайтын құжатын, Ashyq қосымшасындағы статусын көрсетуі керек.

Сондай-ақ мониторинг тобы барған кезде кеңседе неше адамның жұмыс істеп отырғанын тексереді. Мысалы күндізгі жұмыс кестесі бойынша кеңседе 100 қызметкердің 90-ы отырса, жұмыс беруші оның себебін түсіндіруі қажет. Әр қызметкер вакцина салдырғанын растайын құжатын көрсетуі керек.

Ал біздің департамент мониторингтік топтың құрамына кірмейді. Оны қала әкімдігі мен қалалық денсаулық басқармасы қадағалайды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті анықталған бұзушылықтар бойынша жұмыс істейді.

- Вакциналау бойынша тексеріс кезінде мониторинг топтарын көбейту қажет пе?

Мониторинг топтары қазір жұмыс істеп жатыр. Вакциналауды бақылау бойынша олардың қатарын көбейту қажет болса, қазір жұмыс істеп жатқандар үлгермесе немесе оларға жүктеме артып кетсе, қала басшылығы олардың санын көбейту туралы сұрақты қарастырады деп ойлаймын.

- Қазір қалада вакциналау көрсеткіші қандай?

Елімізде егу кезеңі басталғалы Алматы барлық өңірмен салыстырғанда көп мөлшерде вакцина алып жатыр. Сол себепті дәл қазір қалада вакцина алып жатқандар саны азайды деп айта алмаймын. Себебі емханалар ұсынған ақпаратқа, вакциналанғанын растайтын құжат санына сәйкес, коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға ниетті адамдар артып жатыр.

Орта есеппен қалада күн сайын 5-7 мың адам вакцина алуда. Маусымда олардың саны артып келеді. Вакцина салу басталғанда адамдар сенімсіздікпен қарап, вакцинаға қарсы болса, қазір тұрғындар бұл мәселеге саналы түрде қарай бастады. Вакцинаға қарсы адамдар күн сайын азайып келеді.

- Алматыда қанша адамға жететін вакцина бар және қызметкерлерге вакцина салу міндеттелсе, вакцина тапшылығы болмай ма?

Қазір Алматыда коронавирусқа қарсы вакцинаның төрт түрі бар. Олар:  QazVac, Спутник V, HayatVac, CoronaVac. Қазір қалада вакцинаның бірінші компонентінің 65 мыңнан астам дозасы бар, 95 мыңнан аса екінші доза бар. Бұған дейін салынған вакцина мен коронавирусқа қарсы салынып жатқан екпені ескере келе, бұл әзірге жеткілікті деп айта аламыз.

Дей тұрғанмен маусымда қосымша QazVac вакцинасының екі комопнентін қоса есептегенде 12 мың доза жеткізіледі. Сондай-ақ Спутник V вакцинасының 20-25 мың дозасы жеткізіледі. Шілдеде шамамен 70 мың доза қосымша қолданыста болады.

- Бұған дейін қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин Алматыда күзге дейін 1,5 миллион адам коронавирусқа қарсы вакцина салдыруы мүмкін екенін айтты. Бұл болжам өзгерген жоқ па?

Қала тұрғындарының ұжымдық иммунитеті туралы айтар болсақ, бұл бағыт бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Қала тұрғындарымен бірлесе халықтың қажетті бөлігін қамтуымыз қажет. Егер бұған дейін вирусты жеңу үшін халықтың 60-70%-і вакциналанған болуы керек десек, қазіргі қарқын бәсеңдемесе, Жандарбек Мұхтарұлы айтқан уақытқа дейін осы нәтижені көрсете аламыз деп ойлаймын.

- Кейінгі күндері Алматыда 37 жастағы әйелден үнді штаммы табылғаны хабарланды. Оның сегіз жастағы қызының да сырқаттанып қалғаны расталды ма?

Иә, Алматыда әйелдің үнді штаммын жұқтырғаны расталды. Ал оның 8 жастағы қызы анасымен бір үйде тұрғандықтан жақын байланыста болғаны белгілі. Қазір оның коронавирус жұқтырып-жұқтырмағаны анықталып жатыр. Сол себепті қыздан үнді штаммы табылғаны туралы айтуға әлі ерте.

- Науқастың инфекцияны қайдан жұқтырып алғаны туралы ақпарат бар ма?

Әйел еш жерде жұмыс істемейді, үй шаруашылығындағы кісі. Қала сыртына шықпағанын айтып отыр. Сондай-ақ коронавирус табылған адаммен байланыста болғаны туралы нұсқаны да жоққа шығарды. Алайда үнді штаммы анықталғанға дейінгі 14 күн ішінде адам көп жиналатын базар, ойын-сауық орталығы, дүкенге барғанын жасырмады.

Науқас жақын байланыста болғандардың арасында оның күйеуі де бар. Ол әуекомпанияның қызметкері. Қызмет бабы бойынша Еуропа елдерінде іссапармен жиі барған. Алайда ол жаққа ұшпас бұрын ПТР тапсырады, нәтижесі теріс шыққан.

Әрі қарай оның індетті қайдан жұқтырғаны эпидемиологиялық тексеру барысында белгілі болады.

- Ал басқа туыстары, байланыста болғандар тексеріліп жатыр ма?

Әйел басқа адамдармен, отбасында анасы, әпкесімен байланыста болған. Оларға қатысты коронавирустың бар-жоғын анықтауға дереу сараптама жүргізілді. Нәтижесінде олардың Covid-19 жұқтырмағаны анықталды.

- Тұщымды жауаптарыңыз үшін рахмет!

Тақырып:
COVID-ке қарсы вакцина (371)
Кілт сөздер:
вакцина, коронавирус
Загрузка...

Басты тақырып