Қоғам

Парламент қашықтан жұмыс істеу туралы заңды қабылдады

© Photo : СС0 / StockSnapКомпьютерная мышь
Компьютерная мышь - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.06.2021
Жазылу
Орындалатын жұмыс көлемі сақталған жағдайда, жұмыс беруші қашықтан жұмыс істейтін қызметкердің жалақысын төмендете алмайды

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Парламент сенаты Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеудің құқықтық реттелуін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңды екі оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатор Нариман Төреғалиев заң жобасы Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленгенін атап өтті.

"Өздеріңізге белгілі, 2020 жылы Қазақстан аумағында COVID-19 инфекциясының таралуы қызметкерлердің орта есеппен 70%-ін қашықтан жұмыс істеуге ауыстырып, жұмыс режимінің өзгеруіне алып келді. Елімізде қашықтан жұмыс істеуді ұйымдастырудың қалыптасқан тәжірибесі, пандемия кезеңіндегі еңбек саласындағы нақты процестер мен еңбек заңнамасы арасындағы алшақтықты көрсетті", - деді депутат сенаттың жалпы отырысында. 

Аталған мәселелер қолданыстағы Еңбек кодексінің 138-бабымен ғана реттелді, ал ол бүгінгі қашықтықтан жұмыс істеу проблемаларын толыққанды шешуге мүмкіндік бермеді. Анықталған олқылықтарды ескеріп, депутаттар бірқатар ұсыныс жасады. 

Заң жобасына сәйкес, төтенше жағдайды енгізу, жариялау және шектеу шараларын, оның ішінде карантин енгізу кезеңінде уақытша қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыскерлерді коммуникация құралдарымен қамтамасыз ету және шығыстарды өтеу қажеттілігі жұмыс берушінің актісінде айқындалады.

Егер жұмыскер өзінің коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланса, жұмыс беруші өтемақы төлей алады. Оның мөлшері, төлеу тәртібі мен мерзімі тараптардың келісуімен белгіленеді.

Тағы бір норма – тараптардың келісімімен қашықтан және қашықтан аралас жұмыс істеу ұғымдарын енгізу туралы. 

Төреғалиевтің айтуынша, аралас жұмыс істеу жұмыс кезеңдерін жұмыс беруші орналасқан жерде де, одан тыс жерде де кезектестіруге мүмкіндік береді.

"Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мақсатында еңбек шартында жұмыс уақытының тіркелген есебін белгілеу жөніндегі норма көзделді. Осы уақыт ішінде жұмыскер жұмыс уақытының күнделікті ұзақтығының шектеулерін сақтай отырып, жұмыс уақыты шегінде жұмыс берушімен байланыста болу үшін қолжетімділік режимінде болуға тиіс", - деді депутат.

Бұл ретте тараптардың келісуі бойынша қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлер үшін икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін.

Сонымен бірге, орындалатын жұмыс көлемі сақталған жағдайда, жұмыс беруші қашықтан жұмыс істейтін қызметкердің жалақысын төмендете алмайды.

Бұған қоса жұмыс берушінің жұмыскерлер қашықтан жұмыс істеу кезінде пайдаланатын құпия ақпаратты қорғау туралы шарт жасасу құқығы бекітілді.

Парламент заң жобасын бірауыздан қабылдап, президенттің қол қоюына жіберді.

Жаңалықтар
0