Қоғам

"Бұл жерде не үшін отырмыз?": Қазыбек Иса үкіметке депутаттық сауал жолдады

© Sputnik / Болат ШайхиновЗдание парламента Казахстана
Здание парламента Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.06.2021
Жазылу
Ақжол фракциясы шығармашылық одақтарды қаржыландыруды заңнамалық тұрғыдан шешу үшін оларға мемлекеттің стратегиялық серіктесі статусын беруді ұсынды

НҰР-СҰЛТАН, 23 маусым – Sputnik. Мәжілісмен Қазыбек Иса үкіметке депутаттық сауал жолдап, мәдениет пен тілді қорғау аясында шығармашылық одақтарды қаржыландыру тәртібін ретке келтіруді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

"Біздің телеарналардағы қаптаған өзге елдің телесериалдарының елге әсері үкіметтің бұйрықтары мен парламенттің заңдарынан да ықпалды болып кететінін ұмытпайық. Кейде теріс тәрбиеге, ұлтсыздыққа шетелдік ақпараттық экспансиямен бірге өзіміздің ұлттық ұғымнан жұрдай түрлі фильмдеріміздің де, жеңіл күлкіге құрылған сайқымазақтық шу мен шоулардың әсері аз емес. Ел телеарналарына тізесі жалтыраған жыртық шалбарлы әншілер шығып жатқанда, жалпы осы біздің идеологиямыздың өзі бүтін бе деп ойлауға тура келеді кейде", - деді Иса мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда депутат шығармашылық одақтар мәселесін көтерді. Себебі руханият пен мәдениет ұлттық болмысымызды қалыптастырады, ұлттық мүдденің негізі болып саналады. 

"Көзіміз жеткендей, іс жүзінде мемлекеттің стратегиялық серіктесі және қоғамдағы ұлттық идеялардың қозғаушы күші болуға тиіс шығармашылық одақтар қазір қаржылық қиындықтардан шыға алмай, өз күндерін зорға көріп келе жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен былтыр Шығармашылық одақтарды қолдау қоры құрылған еді. Бұл қордың жұмысы әлі жүрмей жатыр", - деп атап өтті Иса.

Оның айтуынша, шығармашылық одақтар қаржы жоқ деп шырылдап жатыр. Ал мәдениет министрлігінің ақпараты бойынша шығармашылық одақтарды қолдауға бөлінген 257 миллион теңге игерілмей қалған.

"Себебі шығармашылық одақтардың құжаты конкурс талаптарына сәйкес келмеді дейді министрлік. Өз күнін көре алмай отырған шығармашылық одақтар осылай құдайдың өзі жіберіп тұрған сыбағасынан айырылып отыр. Шығармашылық одақтардың мұңын да, министрліктердің жырын да түсінуге болады. Өйткені біздің заңымыз бойынша ұлттық мүддемізді қорғауға рухани нәр беретін, ұлтшыл рухты ұрпақтар тәрбиелейтін Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер, театр, кино одақтары, яғни ұлттық тәрбиеге үйрететін одақтар мен … ит үйрететін одақтардың рөлі бірдей", - деді Иса.

Оқи отырыңыз: Депутаттар жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске асыруды ұсынды 

Депутаттың пікірінше, барлық 22 мың ұйымға бірдей қарайтын болса, мәселе ешқашан шешілмейді. Сондықтан  шығармашылық одақтардың рөлін арттыру қажет. Заңнамаға "мемлекеттің стратегиялық серіктестігі" ұғымын енгізу керек.

"Биыл Тәуелсіздігіне 30 жыл толып жатқан  елімізде, соғыс кезі емес, құдайға шүкір бейбіт кезеңде мәдениетіміз бен тілімізді сақтап қала алмасақ, біз не үшін отырмыз бұл жерде? Егер үкімет бұл мәселені жақын арада шешпей, сүйрете беретін болса, біз заңға өзгерістер енгізуді өз қолымызға аламыз", - деп түйіндеді Иса.

Ақжол фракциясы өз ұсыныстарын да жариялады. Олар:

  1. Шығармашылық одақтарды қаржыландыруды заңнамалық тұрғыдан  шешу үшін оларға мемлекеттің стратегиялық серіктесі статусын беру;
  2. Шығармашылық одақтардың мемлекетпен әріптестік қызметін жандандыру үшін мәдениет пен өнерді дамыту гранттарын тағайындау;
  3. Ұлттық болмысымызды жат болмыстан қорғау үшін ұлттық идеологиялық, ақпараттық-рухани қауіпсіздік тетіктерін жасауды шұғыл қолға алу.
Жаңалықтар
0