НҰР-СҰЛТАН, 16 маусым – Sputnik. Қазақстан Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше елдерге гуманитарлық көмек ретінде өз вакцинасын ұсынады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев ИЫҰ-ның ғылым және технология жөніндегі саммитінде мәлімдеді.
Тоқаев Қазақстанның коронавирус індетіне қарсы QazVac вакцинасын әзірлегені және оның қазіргі уақытта ДДСҰ-да мақұлдау рәсімінен өтіп жатқаны жөнінде айтты.
"Қазақстан ИЫҰ-ға мүше елдерге гуманитарлық көмек ретінде өз вакцинасын ұсынуға дайын болады. Сонымен қатар біз QazVac вакцинасын Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше өзге де елдерде өндіру мүмкіндігін қарастыра аламыз", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияға қарсы күрестегі ортақ күш-жігер туралы айта келіп, вакциналарды әділ бөлуге және оларды саяси құрал ретінде пайдалануға жол бермеуге шақырды, деп жазды Ақорда.
QazVac-тың мәселесі: вакцина жасаушылар ғалымдардың сынына түсініктеме берді
Қазақстан президенті ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер бойынша кешенді әрі заманауи инфрақұрылымның бар екенін атап өтіп, ғылыми жетістіктер мен технологияларды кең түрде бөлісуге дайын екенін жеткізді.
"Біздің академиялық және ғылыми-зерттеу институттарымыздың флагманы саналатын Назарбаев Университеті, сондай-ақ, Astana IT орталығы жасанды интеллект, Big Data және кибер қауіпсіздік салаларындағы бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жобалар үшін база қалыптастыра алады", – деді ол.
Сондай-ақ мемлекет басшысы ИЫҰ-ға мүше елдердің студенттері үшін бакалавриат бағдарламасы бойынша отандық оқу орындарында 100 грант бөлуге дайын екенін мәлімдеді.
Саммит бейнеконференция арқылы өтті. Ислам ынтымақтастығы ұйымына 57 мемлекет кіреді.