НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым – Sputnik. Ashyq жобасы енгізілгелі бері "қызыл" статуспен 4 401 адам анықталған, тағы төрт мыңға жуығы науқастармен байланыста болған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Өкінішке қарай, кейбір азаматтар вирус жұқтырғанын біле тұра, үйде оқшаулану режимін сақтамайды, халық көп жиналатын орындарға баруға тырысып, ел ішінде емін-еркін жүреді. Осылайша айналасындағы адамдарға қауіп төндіреді және коронавирустың таралуына себепші болады", - деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үкімет отырысында.
Осыған байланысты министрлік карантин режимін бұзатындарды әкімшілік жауапқа тарту туралы шешім қабылдады. Енді Ashyq жобасында "қызыл" статус шығатын азаматтарға 87 мың теңге айыппұл салынады.
Министрдің сөзінше, Ashyq енгізілгелі бері 4 401 адамда "қызыл" статус шықты, 3 981 адам індетке шалдыққандармен байланыста болғаны анықталды.
Бүгінде Ashyq жүйесіне 10 мыңнан аса нысан қосылған, 2 миллион 100 мың қолданушы тіркелді.
Маусым айының соңына дейін жоба әуежайлар мен теміржол вокзалдарында енгізіледі.