Қоғам

Зейнет жасын төмендету мәселесі қаралып жатқан жоқ - еңбек министрі

© Sputnik / Болат ШайхиновПожилая женщина, архивное фото
Пожилая женщина, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.06.2021
Жазылу
Министр зейнетақы аннуитетінің бар екенін еске салды, яғни қажетті соманы жинаған адам зейнетақыны мерзімінен бұрын ала алады

НҰР-СҰЛТАН, 14 маусым - Sputnik. Зейнет жасын төмендету мәселесі қаралып жатқан жоқ. Бірақ зейнетақы аннуитеті арқылы зейнетақыны ерте алуға болады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Министрлікте зейнет жасын төмендету мәселесі қаралып жатқан жоқ. Бұл жерде мына бір мәселені ескеру керек. Біз 1998 жылдан бастап зейнетақыны жинақтау жүйесіне ауысқан болатынбыз. Оған сәйкес, ақша неғұрлым көп жиналса, зейнетақы соғұрлым жоғары болады. Ал зейнет жасын төмендетсек, ол адамдар қажетті зейнетақы көлемін жинап үлгермеуі мүмкін. Сонда оның мөлшері аз болып шығады", - деді Шәпкенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Осы орайда министр зейнетақы аннуитетінің бар екенін еске салды. Оған сәйкес, қажетті соманы жинаған адам зейнетақыны мерзімінен бұрын ала алады. 

"Мәселен, ер адам тиісті соманы жинаса, 55 жаста зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады. Осындай мүмкіндік те бар", - деп атап көрсетті Шәпкенов.

Зейнетақы аннуитетін қалай рәсімдейді

Биыл қаңтар айында қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі зейнетақы аннуитетін рәсімдеу шарттарының өзгергенін хабарлады. Соның арқасында зейнетақы төлемдерін ерте алуға болады.

Мәселен, өткен жылы зейнетақы аннуитетін жасау үшін жеткілікті сома 55 жастағы ер адамдар үшін 11,3 миллион теңге, ал 51,5 жастағы әйелдер үшін 15,5 миллион теңге болды. Биылдан бастап ер адамдар 6,7 миллион теңгеден және әйелдер  9 миллион теңгеден бастап зейнетақы аннуитетін рәсімдей алады. Оны алдын ала 45 жаста да жасап қоюға болады. Ол үшін есепшотта 6,1-7,7 миллион теңге болуы шарт. Ал 55 жастан бастап зейнетақы төлемдері беріледі.

Заң бойынша зейнетақы аннуитеті өмірді сақтандыру компаниясында рәсімделеді. Сол келісімшарт негізінде зейнетақы өмір бойы төленетін болады. Бұдан бөлек, кепілдік берілген кезең бар. Оны рәсімдеген жағдайда адам қайтыс болса да, зейнетақы төлемдері туған-туыстарына төленеді.

Биыл бірлескен аннуитеттер жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Соның арқасында зейнетақы аннуитеті шартына бір адам емес, ерлі-зайыптылар немесе жақын туыстар бірге қатыса алады.

Бірлескен аннуитет жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге және аннуитет шарты бойынша кірісті қайта бөлуге мүмкіндік береді. Мысалы, ерлі-зайыптылардың бірінің өмірді сақтандыру компаниясынан аннуитет сатып алуға зейнетақы жинағы жетпей, екіншісінде артық болса, бірлескен зейнетақы аннуитеті арқылы екеуіне де өмір бойы төлемдер төленеді.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде шамамен 61 мыңнан астам адам 283 миллиард теңгеге зейнетақы аннуитеті шартын рәсімдеп алыпты.

Жаңалықтар
0