23:53 16 Маусым 2021
Тікелей эфир
  • USD426.99
  • EUR517.55
  • RUB5.94
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
3861 0 0

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "ҚазАвтоЖол" ұсынған 18 жолдың бесеуінде ғана биыл ақылы жүйені енгізуге рұқсат берді

НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым - Sputnik. Бүгін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің биыл тек бес жол учаскесінде ғана ақылы жүйені енгізуге рұқсат бергені туралы ақпарат тарады. Бұған дейін "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы 2021 жылда 18 учаскені ақылы қыламыз деген, кейбір жолдарда ақша алу жүйесін сынақтан өткізуді де бастап кеткен. Бірақ осы жоспарды кейінге шегеруге тура келді. Sputnik Қазақстан тілшісі көлік жүргізушілерінің наразылығынан кейін тағы қандай өзгерістердің болатынын зерделеп шықты.

Әліповтың жоспары

Биыл ақпан айында Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген "ҚазАвтоЖолдың" экс-басшысы Ұлан Әліпов республикалық маңызы бар 18 жолда ақылы жүйенің енгізілетінін айтқан. Соның ішінде 10 учаскеде тесттік режим іске қосылды. Олар:

  • Шымкент – Өзбекстан шекарасы (Ташкентке баратын жол);
  • Орал – Ресей шекарасы (Саратовқа қарай);
  • Орал – Ресей шекарасы (Самараға баратын жол);
  • Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орынборға қарай);
  • Щучинск - Петропавл;
  • Шымкент - Қызылорда;
  • Шымкент - Тараз;
  • Тараз - Қайнар;
  • Қапшағай – Талдықорған;
  • Қостанай – Ресей шекарасы (Троицк).

Осы жолдарда ақылы жүйені енгізілетін инвестор да анықталған. Ол - Computer Vision Technologies. Компания әлемдік тәжірибе негізінде тиімді әрі арзан жүйені ұсынды. Оған сәйкес, бұрынғыдай шлагбаум қойып, барлық көлікті тізіп қоюдың қажеті жоқ. Ақылы жол толығымен ашық болады. Арнайы камералар өткен-кеткен көлікті тіркеп, төлемақыны автоматты түрде есептейді. Көлік иесі оны жолда немесе үйде отырып, аудара салады.

Бұдан бөлек, тесттік режимді тағы бірнеше жолда енгізу жоспары болған. Олар:

  • Нұр-Сұлтан-Павлодар;
  • Ақтөбе-Орал;
  • Қарабұтақ-Қызылорда;
  • Атырау-Бейнеу-Өзбекстан шекарасы;
  • Ақтау-Бейнеу;
  • Нұр-Сұлтан-Қостанай;
  • Павлодар-Омбы;
  • Павлодар-Семей-Қалбатау.

Осылайша, "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы биыл біраз жерде ақылы жүйені енгізуді жоспарлаған. Алайда сәуір айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев компания басшысын қызметінен босатты. Негізгі себеп – жұмысты дұрыс орындамау. Мемлекет басшысы үкіметке республикалық және жергілікті жолдардың сапасын жақсартуды тапсырды. Өйткені дұрыс жөнделмеген жолдың шығыны екі есе көп болып тұр. Соның салдарынан бюджет қаржысы да тиімсіз жұмсалады.

Көлік жүргізушілерінің реакциясы

Тоқаевтың сынынан кейін мердігер компанияларға тиісті тапсырмалар берілді. Бақылау шаралары да күшейтілген шығар. Дегенмен, ол кезде тесттік режимге енгізілген жолдарға қатысты ешқандай шешім болмады. Ал мамырдың соңында жүк көліктерінің наразылығы бұрқ ете түсті. Бас кезінде жүргізушілер арасында жол ақысын енгізуге қатысты ақпарат тарап кеткен. Бәлкім, біреулер оны көлік иелерінің реакциясын білу үшін әдейі жіберген шығар. Дегенмен, реакцияның күші қатты болды. Батыста басталған наразылық Нұр-Сұлтанға дейін жетті. Жүздеген жүк көліктерінің жүргізушілері жолды жауып, ақылы жүйені алып тастауды талап етті. Жол ақысын енгізе берсе, тасымалдың бағасы, артынан азық-түліктің бағасы да көтерілетінін мәлімдеді. Оларға шенеуніктер мен ҚазАвтоЖолдың басшылары басу айтты.

Оқи отырыңыз: "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының жаңа басшысы тағайындалды

Артынан жүк көліктеріне жеңіл автомобильдер де қосылды. Қарапайым жүргізушілер ақылы жолдың қауіпсіздігін сынға алды. Ақша төлесе де, тиісті белгелер мен электронды таблолардың әлі күнге дейін орнатылмағанын айтты. Үй мен жабайы жануарлар да жолға шығып кетеді. Соның салдарынан жол-көлік апаты болып жатады. Ал көлік жүргізушілері жануардың кесірінен апатқа ұшыраса да, темір тосқауылдарды және тағы басқа белгілерді қиратып кеткені үшін қыруар қаржыны төлеуге мәжбүр.

Бүгін көлік жүргізушілерінің нарызылығы біршама басылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "ҚазАвтоЖол" ұсынған 18 жолдың бесеуінде ғана биыл ақылы жүйені енгізуге рұқсат берді. Олар:

  • Батыс Еуропа – Батыс Қытай (Қайнар – Тараз, Тараз – Шымкент, Шымкент – Қызылорда, Шымкент – Ташкент);
  • Щучинск – Көкшетау;
  • Қапшағай – Талдықорған (Талдықорғанның айналма жолымен бірге);
  • Нұр-Сұлтан – Павлодар;
  • Ақтау – Жетібай – Жаңаөзен, Нұр-Султан, Қарағанды мен Павлодардың айналма жолдары.

Айта кеткен жөн, ақылы жүйе бірден енгізілмейді. Жұмыс тобы әрбір учаскеге барып, жолдың сапасын тексереді. Техникалық талаптар толығымен орындалғаннан кейін ғана жолақысы алынады.

Жаңа жолдарда ақының көлемі қандай болады

Ақылы болатын бес жолда бұрынғы тарифтер қала береді. Бұл дегеніміз, бүгінде "Нұр-Сұлтан - Щучинск", "Нұр-Сұлтан - Теміртау", "Алматы – Қапшағай" мен "Алматы –Қорғас" жолдарында қандай төлем болса, биыл енгізілетін ақылы жолдарда тура сондай ақы алынады. Атап айтқанда:

  • жеңіл көліктер үшін 1 шақырымға - 1 теңге; Ал жолдың бойында орналасқан елді мекендердің тұрғындары 1 000 теңгеге бір жылдық абонемент ала алады;
  • автобустар үшін 1 шақырымға - 5-15 теңге (автобустағы орынның санына қарай); Қалааралық және жергілікті рейстік автобустар төлемақыдан босатылған;
  • жүк көліктері үшін 1 шақырымға – 5-25 теңге (жүк көтеру категориясына қарай).

Осылайша, ақылы болатын бес жол I-ші категорияға жатқызылды. Ал қалған 13 жол учаскесі II-ші және III-ші санатқа енгізіледі. Ол жерде жеңіл көліктер тегін жүреді. Ал автобустар мен жүк көліктері ақы төлейді. Бірақ оның мөлшері I-ші категориямен салыстырғанда төмен болады.

"Қазіргі кезде арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған министрлік өкілдері, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, көлік тасымалдаушыларың қоғамдық ұйымдары кіреді. Жұмыс тобының отырыстарында II-ші және III-ші санатқа жататын ақылы жолдарда төлемақының мөлшерін бекіту мәселесі қаралып жатыр", - дейді "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының өкілі Бауыржан Қамалитден.

Кілт сөздер:
Қазавтожол, ақылы жол
Загрузка...

Басты тақырып