НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Мәжіліс азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасы мүгедек адамдар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, еңбек ардагерлері және басқа да санаттарды әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіруді көздейді.
Парламент мәжілісі заңды екінші оқылымда мақұлдап, сенаттың қарауына жіберді.
Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін не өзгереді
Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов заң жобасының басты жаңашылдықтарына тоқталып өткен еді. Айтуынша, I топтағы мүгедектерге күтім жасайтын азаматтарға жаңа жәрдемақы түрін енгізу қарастырылған.
"Бүгінде I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметтерімен де қамтылмаған, яғни, басқа адамның көмегіне зәру. Олар өз бетімен жүре алмайтын мүгедек жандар. Осылайша заң жобасын қабылдау нәтижесінде күтім жасау жәрдемақысымен қосымша 24 мың адам қамтылады", – деді Шәпкенов бұған дейін мәжілістің жалпы отырысында.
Сонымен қатар 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектік тобы беріледі. Мүгедек балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-тен 37%-ке дейін көтеріледі. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедек баланы қамтиды.
Бұдан бөлек, мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыны бір мезгілде алу құқығы беріледі.
Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде тұру құқығы сақталады. Қазіргі кезде ондай отбасылар тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұрады. Бала 18 жасқа толғанға дейін тұрғын үй берілмесе, мүгедектігі бар азамат кезекке қайта тұруға мәжбүр. Ал жаңа норманың арқасында 20 мыңнан астам отбасы тұрғын үй кезегін сақтай алады.
Оқи отырыңыз: Балаға төленетін жәрдемақы көтеріле ме – үкімет жауап берді
Заң жобасында мүгедек балаға күтім жасау мерзімі 18 жасқа дейін ұзартылып отыр.
Заң жобасының тағы бір жаңалығы – еңбек жарақатынан мүгедек болып қалған адамдарды мемлекет есебінен оңалту. Ондай шаралар кәсіпорын банкрот болған жағдайда қолға алынады.