Қоғам

Қазақстанда мектепке кіргізуге тыйым салынған заттардың тізімі бекітілді

© REUTERS / CARL RECINEСынып, архивтегі сурет
Сынып, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.06.2021
Жазылу
Балалардың тыйым салынған заттарды білім беру ұйымдарына кіргізгені үшін олардың ата-аналары жауапты болады

НҰР-СҰЛТАН, 4 маусым – Sputnik. Білім және ғылым министрінің бұйрығымен мектептерге кіргізуге тыйым салынған және пайдалануға болмайтын заттардың тізімі бекітілді.

Ведомство ақпаратынша, тізімге қарудың барлық түрі, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар, сондай-ақ тесуге және кесуге арналған заттар кіреді.

"Білім беру ұйымдарында тыйым салынған заттардың тізімін әзірлеуге біз өткен жылы кірістік. Биыл қаңтар айынан бастап "Білім туралы" заң аясында осы тізімді әзірлеу және бекіту – біздің құзыретімізде. Тыйым салынған заттардың тізімі ішкі істер, денсаулық сақтау, цифрлық даму министрліктерімен, ҰҚК, Бас прокуратурамен және Жоғарғы сотпен бірлесіп жасалды", - деді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Мектептерге қару мен оған сыртқы ұқсастығы бар заттарды әкелуге қатаң тыйым салынады. Бұдан бөлек, шаншитын, кесетін және өткір заттарды, өнеркәсіптік құралдарды, оқ-дәрілерді, жарылғыш, улы, психоактивті заттарды әкелуге және пайдалануға жол берілмейді.

Тағы оқыңыз: Қазақстан мектептерінде даладағы дәретханалар 1 қыркүйекке дейін жойылады

Сондай-ақ мектеп оқушыларының сабақ кезінде смартфон, планшет, плейерлерді пайдалануына шектеу енгізіледі. Алайда бұл шектеу денсаулықты бақылау үшін смартфонды қажет ететін ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қатысты емес. Мәселен, қант диабеті бар оқушыларға қандағы қантты бақылау үшін смартфон қажет болуы мүмкін.

Жаңа норманы енгізу оқушылар үшін қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыруға, сондай-ақ құқықбұзушылықтарды уақытылы анықтауға және оның алдын алуға мүмкіндік береді, деп атап өтті білім министрлігі.

Ведомство балалардың тыйым салынған заттарды білім беру ұйымдарына кіргізгені үшін олардың ата-аналары мен заңды өкілдері жауапты болатынын ескертті.

Жаңалықтар
0