НҰР-СҰЛТАН, 2 маусым – Sputnik. Қазақстанда заңсыз тексеріс үшін әкімшілік жауапкершілікті екі айдан бір жылға дейін ұлғайту ұсынылды. Мәжіліс тиісті норма көзделген "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасы бірқатар құқықбұзушылық құрамы бойынша азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту тәртібін регламенттеу жөніндегі маңызды міндетті шешеді.
Депутат Гүлнәр Бижанова заң жобасының жаңашылдықтарына тоқталды. Айтуынша, құжатта бизнеске заңсыз тексеріс жүргізген шенеуніктерді әкімшілік жазаға тарту мерзімін ұлғайту көзделіп отыр.
"Тексерулерді, сондай-ақ бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарын заңсыз жүргізу фактілері бойынша мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының жауаптылығын күшейту мақсатында оларды әкімшілік жауаптылыққа тарту мерзімін бір жылға дейін ұлғайту ұсынылды. Қазір бұл мерзім екі айды құрайды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл да жазаның бұлтартпастығы қағидатын елеулі түрде жояды. Мұндағы мәселе – тексеру нәтижелеріне, мемлекеттік қызметкерлердің әрекеттеріне шағымдану процесінің ұзақ уақыт алуы. Соның салдарынан екі айлық мерзімнің өтуіне байланысты кінәлі шенеуніктер жазаланбай қалуда", - деді ол.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, қадағалау органына қосымша талаптар қойылды.
"Заң бойынша прокурорға өз қаулысымен барлық заңсыз шешімнің күшін тез арада жою, сондай-ақ мемлекеттік органдардың негізсіз актілерін тоқтата тұру құқығы берілген. Алайда оларды орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделмеген. Бұл азаматтар мен бизнестің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау ісінде прокурордың құқық қорғау функциясын төмендетеді. Осыған байланысты біз прокурордың қаулысын орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық белгілеуді ұсынамыз", - деді депутат.
Бұдан бөлек Бижанова қауіпті өндірістік объектілерге заңсыз кіруге және құрамында алтын бар кендерді заңсыз өндіруге байланысты проблемалар ұзақ уақыт бойы орын алып отырғанын атап өтті.
"Мемлекет пен бизнестің экономикасы зардап шегіп, адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келуде. Бұл күзетілетін объектіге заңсыз кіргені үшін қылмыстық жауаптылық енгізуге бастама жасауы үшін негіз болды. Осыған байланысты Кодекстің 506-бабының диспозициясына әкімшілік және қылмыстық жауаптылық ара-жігін ажырату үшін нақтылау енгізіледі", - деді ол.
Бұған қоса, газды алау етіп және стационарлық көздерде заңсыз жаққаны үшін экологиялық айыппұлды есептеуге бірдей базаны қолдану туралы түзету енгізіледі. Бұл экологиялық айыппұлдарды есептеу кезінде кемсітушілік тәсілді болғызбайды.
Сондай-ақ заң жобасында жұмысшыларды "жіберуші" және "қабылдаушы" тараптардың құқықтары мен міндеттері бекітілді. Тараптардың жұмыскерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көздеу ұсынылды.
Сондай-ақ, жіберуші тараптың жұмыскерлері үшін заңнамада көзделген жұмыс уақыты мен күнделікті жұмыстың қалыпты және қысқартылған ұзақтығын заңсыз асырғаны үшін қабылдаушы тараптың әкімшілік жауаптылығы белгіленеді.