Қоғам

Кредиттік амнистия ұзартылмайды – еңбек министрлігі

CC0 / / Бизнес-расчеты
Бизнес-расчеты - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.06.2021
Жазылу
Бүгінгі күні борышты есептен шығару бойынша барлық жұмыс аяқталды, деді министрліктегілер

НҰР-СҰЛТАН,1 маусым — Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "кредиттік амнистияны ұзартады" деген ақпаратты жоққа шығарды.

Айта кетейік, бүгін бұқаралық ақпарат құралдарында кредиттік амнистияны ұзартуға қатысты ақпарат тараған болатын. Оған "Ашық НҚА" порталында жарияланған құжаттың жобасы себеп болды. Онда қолданыстағы қаулыда көзделген мерзім аяқталғаннан кейін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде деректердің болмауына байланысты берешегі өтелмей қалған адамдар анықталғаны туралы жазылған. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі журналистердің "Ашық НҚА" порталында жарияланған жарлықтың жобасын дұрыс түсінбегенін мәлімдеді.

"Журналистердің "Ашық НҚА" порталында жарияланған үкімет қаулысының жобасын дұрыс түсінбеуіне байланысты кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында кредиттік амнистия ұзартылатыны туралы материал жарияланды. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды", - дейді ресми хабарламада.

Осы орайда министрлік мамандары азаматтардың борыш жүктемесін азайтудың нақты мерзімі бекітілгенін еске салды. Негізгі қарыздың бір бөлігі 2019 жылдың 13 желтоқсанына дейін кешіріледі деген жоспар болған. Бірақ артынан тізімге ілінген барлық адамды қамту үшін атқарылған жұмыстың мерзімі ұзартылған.

 "Азаматтардың борыш жүктемесін азайтудың үш кезеңі болған. Бірінші кезеңде 2019 жылы қыркүйек айында 507,4 мың адамның жалпы сомасы 105,2 миллиард теңгесі кешірілсе, екінші кезең – 2019 жылы желтоқсан айында 46,9 мың адамға тиесілі 9,8 миллиард теңгенің борышы кешірілді. Ал жарлықтың күшіне ілінетін барлық адамды қамту үшін 2020 жылы сәуірде 23,4 мың адамның жалпы сомасы 5,5 миллиард теңгені құрайтын борышы кешірілген болатын", - дейді мамандар. 

Айтуларынша, осыған байланысты 2020 жылдың бірінші тоқсанында атқарылған нақты жұмыстардың негізінде қаулыға өзгеріс енгізу туралы жоба әзірленген.

Бүгінде қарызды кешіру бойынша барлық жұмыс атқарылды. Оны қайта бастау жоспарланып отырған жоқ.

Жаңалықтар
0