Қоғам

Көлік жүргізушілерге қатысты жаңалық: министрлік өзгерісті енгізу тәртібін түсіндірді

© Sputnik / Тимур БатыршинАвтобусная полоса
Автобусная полоса - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.05.2021
Жазылу
Мүдделі мемлекеттік органдар қалаларда көлік ағындарын тиімді ұйымдастыру, соның ішінде жеңіл көліктердің қарбалас болмаған уақытта және демалыс күндері арнайы автобус жолағын пайдалану мәселесін зерделеп жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр — Sputnik. Ішкі істер министрлігі автобус жолақтарын пайдалануға қатысты өзгерістерді енгізудің тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрліктің ресми өкілі Нұрділдә Ораздың айтуынша, қазіргі кезде мүдделі мемлекеттік органдар қалаларда көлік ағындарын тиімді ұйымдастыру, соның ішінде жеңіл көліктердің қарбалас болмаған уақытта және демалыс күндері арнайы автобус жолақтарын пайдалану мәселесін зерделеп жатыр. Ал ішкі істер министрлігі жол қауіпсіздігі саласындағы құзіретті орган ретінде ереже енгізілуі мүмкін өзгерістерді алдын ала дайындап, қоғамдық талқылаудан өткізу үшін "Ашық НҚА" порталында жариялады.  Негізгі мақсаты – халыққа тиімді нұсқаны анықтау.

"Ал заң бойынша жол қозғалысын ұйымдастыруға жауапты жергілікті атқарушы органдар көшедегі қозғалыстың қарқыны мен автобус жолақтарының көлікті өткізу қабілетін зерделеп жатыр. Тиісті сараптамалар да жасалады", - деді Ораз министрлікте өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша,  халықаралық тәжірибе, қоғамдық талқылаудың нәтижесі және тағы басқа материалдар индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жіберіледі. Себебі осы құрылым автомобиль жолдары, көлік мен тасымалдау саласындағы ғылыми-техникалық және мемлекеттік саясатты іске асыратын құзіретті орган болып саналады.

"Содан кейін мемлекеттік органдар жиналған материалдарды талдау негізінде заңнамаға тиісті өзгерістерді енгізудің тиімділігін қарастырады. Қоғамдық пікір де ескеріледі", - деді ішкі істер министрлігінің ресми өкілі.

Оқи отырыңыз: Тоқаевтың көлік жүргізушілерге қатысты жаңалығы: үкімет арнайы қаулы дайындады

Айта кетейік, сәуір айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев автобустарға арналған жолақтарды қарбалас болмаған уақытта және демалыс күндері пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырған болатын.

Үкімет бір айдың ішінде арнайы қаулыны дайындап, мамырдың аяғына дейін халықтың талқысына шығарды. Осы құжатқа сәйкес, жұмыс күндері кептеліс көп болатын уақытта, яғни таңғы сағат 07.30-дан 9.30-ға дейін, сондай-ақ кешкі 17.00-ден 20.00-ға дейін автобус жолағымен тек қоғамдық көліктер ғана жүреді. Ал қалған уақытта және демалыс күндері басқа көліктер емін-еркін жүре алады.

Жаңалықтар
0