Қоғам

Тоқаев отандастарына үндеу жасады

© Официальный сайт Президента КазахстанаКасым-Жомарт Токаев
Касым-Жомарт Токаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.05.2021
Жазылу
Қазақстанда жүз мыңнан астам адам жазықсыз сотталып, оның төрттен бірі өлім жазасына кесілді

НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Ақорданың сайты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеуін жариялады.

"Бүгін, 31 мамыр – ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірін еске алу күні. Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргін Кеңес Одағы дәуіріндегі миллиондаған азаматтың тағдырына таңба салды. Қазақстанда жүз мыңнан астам адам жазықсыз сотталып, оның төрттен бірі өлім жазасына кесілді", - деп атап өтті Қазақстан президенті өз үндеуінде.     

© Photo : пресс-служба управления культуры и спорта Астаны"АЛЖИР" музейі
Тоқаев отандастарына үндеу жасады - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.05.2021
"АЛЖИР" музейі

Ол еліміздің аумағында он бір еңбекпен түзеу лагері болғанын еске салды. Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қасірет мекені КАРЛАГ пен АЛЖИР-де тоталитарлық жүйенің шексіз қатігездігін үнемі еске салып тұратын тарихи мемориалды кешендер ашылды.   

"Зұлмат заманда тұтас халықтар қудалауға түсті. Туған жерінен зорлықпен көшірілген бес миллионға жуық адам қасиетті қазақ жерінен пана тапты. Қазақстан олардың құтты мекеніне айналды. Ұлтымыз алапат аштықтың зардабын тартып, орны толмас шығынға ұшырады. Шектен шыққан ұжымдастыру науқаны Ұлы даланы бұрын-соңды болмаған ауқымды гуманитарлық апатқа ұрындырды", - деп атап өтті мемлекет басшысы. 

Халқымыз небір зобалаңды көрсе де рухын аласартқан жоқ. Бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттыра түсті, деп толықтырды ол.

Тоқаев Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін Қазақстан арыстарымызды ақтауға кіріскенін атап өтті. Кезінде жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың есімі ел жадында жаңғыртылды.

Былтыр қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін мемлекеттік комиссия құрылды.

"Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы. Төл шежіреміздегі қайғылы кезеңдерді ұлттық бірегейлігімізден бөле-жара қарау мүмкін емес. Сондықтан, біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз", - деді президент.

Тоқаев сөз соңында тарихтан тағылым алып, мұндай тауқымет ешқашан қайталанбауы үшін Қазақстан қолдан келгеннің бәрін жасайтынын мәлімдеді.

Жаңалықтар
0